378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік мұғалім тоғызқұмалақ ойынын үйретудің жаңа тәсілін ойлап тапты

  • 342
  • UPD: 14:05, 17.02.2019

Дене шынықтыру мұғалімі тоғызқұмалақ ойынын үйретудің жаңа тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін арнайы ойын тақтасын жасап шығарған. Үлкен жанұяның отағасы – болашақ чемпиондардың алғашқы бапкері. Қуаныш Тілегеновтың қос бірдей баласы республикалық біріншіліктерде топ жарып, халықаралық сайыстарда еліміздің намысын қорғап жүр.

Қуаныш Тілегенов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Бұл ілулі тұрған медальдар – біздің отбасымыздың жетістігі. Балаларымыз үш бөлікке бөліп қойыпты. Бұл жерде қола, күміс, алтын медальдар бар. 

Азия елдері арасында тоғызқұмалақтан өткен ашық біріншілікте Қуаныш Тілегеновтың ұл-қыздары Алмас пен Балнұр күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл отбасының әрбір баласы мектепке қадам басып, санақты игерген сәттен ақ ойын тақтасымен танысады. Әке мен ананың сүйікті ісі бүгінгі бүлдіршіндерге де дарыған.

Алмас Тілегенов, тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионы:

– Қарындасыммен, кейде ініммен, кейде әкеммен де ойнаймын. Ойымнан басқа әдістер шығаруға тырысамын. Көбіне қарындасымнан ұтыламын. Кейде ұтамын.

Шеберлігін күнделікті шыңдап жүрген Алмас Тілегенов жақын күндері Францияда өтетін кезекті жарысқа дайындалуда. Оған әкесінің жасап шығарған ойын тақтасы қол көмек болды. Түрлі әдіс-тәсілдерді отбасымен бірге талқылайды. Әдетте үстел бетінде жататын тақтаны тігінен орнатып, магнитті тастармен ойнау көпшіліктің көңілінен шыққан. Себебі интелектуалдық шайқасты бір мезгілде бірнеше адам тамашалауға мүмкіндік бар.

Бес бала тәрбиелеп отырған Тлегеновтер отбасы тұрмыс-тіршілікпен қатар жаныңа жайлы сүйікті іспен де шұғылдануға уақыт бар дейді. Бастысы қызмет пен спортты ұштастыра білсең болғаны. Балалардың да ешқандай кедергісі жоқ.

Гүлшара Хамзина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– 1-2 баламен шектелу, ол қазақтың менталитетіне жатпайды. Бәрімізде екі бала болса, онда не болады? Мысалы өзімнің отбасымда сегіз баламыз. Жолдасымның отбасында сегіз бала.

Өнегелі отбасы мүшелері интелектуалдық ойындардан бөлек, воллейбол және үстел теннисімен де шұғылданады. Отағасы өз қолымен ойын үстелін де жасап алған. Жаңалыққа жаны жақын ұстаз мектептегі оқушыларын да әрдайым жеңімпаз болуға тәрбиелейді. Тілегеновтердің ендігі жоспары – таулы аймаққа барып, шаңғымен сырғанау. Бұл жоспарды жүзеге асыруға көпбалалы отбасы мүшелерінің демалыс кестесі мүмкіндік бермейді. Дегенмен алдағы уақытта бұл арманға да қол жеткізетіндеріне сенімді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы