389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Юлия Путинцева «Уимблдонда» Наоми Осаканы жеңді

  • 459
  • UPD: 12:14, 02.07.2019
Юлия Путинцева «Уимблдонда» Наоми Осаканы жеңді prosports.kz

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева «Уимблдон» турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы айналымда әлемнің екінші ракеткасы Наоми Осакамен кортқа шыққан жерлесіміз 7:6, 6:2 есебімен басым түсті. Жапон қызы Путинцева үшін ыңғайлы қарсылас. Жақында ғана екі спортшы Бирмингем жарысының 1/8 финалында кездесіп, Қазақстандық теннисші жеңіске жеткен болатын. Юлия Путинцева екінші кезеңде Швейцариялық Виктория Голубичпен ойнайды. Матч ертең өтеді. «Уимблдон» турниріндегі тағы бір жерлесіміз Зарина Диас жарысты ерте аяқтады. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда Америкалық Даниэль Коллинзден 3:6, 5:7 есебімен жеңіліп қалды. «Уимблдон» турнирінің бес дүркін чемпионы Винус Уильямс алғашқы айналымнан аса алмады. Америкалық теннисші отандасы Кори Гауффқа есе жіберді. 15 жастағы ойыншы 1996 жылдан бері бұзылмаған Анна Курникованың рекордың жаңартты. Кори Гауфф үлкен шлем жарысының екінші кезеңіне шыққан ең жас теннисші атанды.

 

Ковачич «Челсимен» келісімшартқа отырды

Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Матео Ковачич «Челсиге» ауысты. «Реал» футболшыны былтыр Лондон командасына жалға берген болатын. 25 жастағы ойыншы өткен маусымда 51 матчқа қатысып, Еуропа лигасында жеңіске жетті. Қазір «Челсидің» жағдайы мәз емес. Ақпан айында ФИФА лондондықтар кәмелетке толмаған ойыншыларға қатысты ережені бұзғаны үшін жаңа ойыншы сатып алуға тыйым салғаны белгілі. Енді «Челси» клубы алдағы екі трансферлік кезеңде қатарын күшейте алмайды. Сондықтан жалға алған ойыншылармен келісімшарт жасасып жатыр.

 

Францияда футболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты шарықтау шегіне жетті

Франциядағы доп додасының жартылай финалына АҚШ пен Англия құрамалары шықты. Дәл қазір құрама штаттардың атағы шарықтап тұр. Ақпарат құралдары Америка бұрымдыларының жейдесін сатып алушылардың қатары көп екенін жазып жатыр. Тіпті сатылған жейде санынан ерлер командасынан да асып кетіпті. Ал, Америка құрамасын киіндірген компания 6,5 млрд еуро пайда тапты. Енді атағы алысқа кеткен АҚШ қыздары Англиямен финалдық жолдаманы сарапқа салады. Жартылай финалдың келесі жұбында Голландия мен Швеция ойнайды. Әйелдер арасындағы әлем чемпионатының шешуші кездесуі жексенбі күні өтеді.

 

Кевин Дюрант «Бруклин Нетске» ауысты

«Голден Стэйт» командасының баскетболшысы Кевин Дюрант «Бруклин Нетске» ауысты. Ресми келісім 6 шілдеде күшіне енеді. Шабуылшы 2016 жылдан бері «Голден Стэйт» сапында өнер көрсетіп, Ұлттық баскетбол қауымдастының чемпионатында екі рет топ жарды. Плей-офф кезеңінің финалдық сериясында екі мәрте ең бағалы ойыншы атанды. Дюрант өткен маусымда 78 матчқа қатысып, әр ойын сайын кем дегенде 26 ұпай жинады.

Хабар 24 телеарнасы