387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы хоккей мұз айдынының көлемі Солтүстік Американікімен бірдей – Легионер

  • 122
  • UPD: 10:13, 27.08.2019
Қазақстандағы хоккей мұз айдынының көлемі Солтүстік Американікімен бірдей – Легионер

"Барыс" хоккейшілері жаңа маусымға дайындықтарын пысықтап жатыр. Елорда командасы негізгі құрамдағы ойыншыларының басым бөлігін сақтап қалды.

Сонымен қатар жаңа хоккейшілермен де қатарын толықтырды. Команда Торонтодан келген қақпашы Эдди Паскуалеге үлкен үміт артады. Соңғы бір жарым жылда ұлттық хоккей лигасындағы «Тампа Бей Лайтинг» клубында шеберлігін шыңдаған ойыншы енді бар білгенін «Барыста» көрсетуі тиіс.

Эдди Паскуале, «Барыс» ХК қақпашысы:

- Жаңа ортаға тез бейімделіп келемін. Швейцарияда және осында оқу-жаттығу жиындарына қатысып, командамен тіл табысып жатырмын. Дайындық барысы көңілімнен шықты. Ең бастысы мұндағы айдын көлемі Солтүстік Америкадағы хоккей алаңқайларымен бірдей. 

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы кездесуін 3 қыркүйекте өткізеді. Елордаға Владивостоктың «Адмиралы» қонаққа келеді. Сосын команда 17 және 20 қыркүйектегі қарсыластарын Алматыда қабылдайды. 

Өскеменде теннистен ITF сериясы аясындағы халықаралық турнир басталды. 35 елден жиналған жас ойыншылар апта бойы сынға түседі. 14 пен 25 жасқа дейінгі спортшылар қатысатын жарысқа Қазақстан атынан сегіз ойыншы тіркелді. Олардың арасында Тимур Хабибуллин, Григорий Ломакин секілді белгілі теннисшілер бар. Ұйымдастырушылар АҚШ, Ресей және Израилден деңгейі жақсы ойыншылар келгенін айтады. Мысалы, Ресейлік Константин Кравченко осы турнирдің бірінші нөмірлі спортшысы саналады. Қазақстандық Григорий Ломакин егер қарсыластарынан басым түссе, жартылай финалда орыс теннисшісімен кездесуі мүмкін.   

«Вуэльта» көпкүндігінің үшінші кезеңі жалпы есепке өзгеріс енгізген жоқ. Велоспортшылар 188 шақырымдық тас жолда сынға түсіп, жеңімпаз спринтерлік сайыста анықталды. «Астана» велошабандоздары кезеңді бір қарқында өткізіп, Мигель Анхель Лопестің көшбасшылардан қалып қоймауын қадағалап отырды. Қазақстандық команда үшін кезең жақсы аяқталды. Лопес үздік жас спортшыға тиісілі «ақ жейдесін» сақтап қалды және жалпы есепте бесінші орында келеді. «Астана» капитаны топ бастаған Николас Рочтан 33 секунд ұтылып тұр. Ал «Вуэльтаның» үшінші кезеңінде Ирландия чемпионы Сэм Беннетт жеңіске жетті. Мигель Анхель Лопес жиырма сегізінші болып мәре сызығын қиды. Бүгін велоспортшылар 175 шақырымдық төртінші кезеңде бақ сынайды.  

Атақты голландиялық жаттықтырушы Йохан Кройфқа ескерткіш қойылды. Қоладан құйылған тас мүсін Барселонадағы Ноу Камп стадионында ашылды. Үш тонналық ескерткіштің биіктігі 3 жарым метр. Кройфтың дәуірі дәл осы стадионда өтті. Каталония клубының ойыншысы болған ол кейін бас бапкерлік қызметте жетістікке жетіп, айтулы команда жасақтады. Йохан Кройф «Барселона» сапына 1973 жылы қосылып, бес жыл доп тепті. 1988-ші жылы бапкерлік қызметті бастаған ол 1996 жылға дейін команданы жаттықтырды. Осы уақыт аралығында Кройф шәкірттері испан премерасында төрт мәрте жеңіске жетіп, ел кубогының иегері атанды. Атақты жаттықтырушы 2016 жылы 68 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Хабар 24 телеарнасы