389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктердің 30% астамы жүйелі түрде спортпен шұғылданады

  • 202
  • UPD: 09:14, 16.09.2019

Соңғы екі жылда Ақтөбеде салынған түрлі нысандар көпшіліктің салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік берген.

Алайда бұл салада түйткілді мәселе де жоқ емес. Әсіресе, хоккей және суда жүзумен айналысқысы келетіндердің қатары көп. Сұранысты өтеу әзірге оңай болмай тұр.

11 жастағы Әмина Ешпанованың суда жүзумен айналысқанына үш жыл болды. Күн сайын бассейнге келіп, екі сағат уақытын жаттығуға арнайды. Болашақта осы спорт түрінен бапкер болуды армандайтын 6-сынып оқушысы мұндай мүмкіндіктің барына қуанышты. Бүгінге дейін бірқатар облыстық және республикалық жарыстардың жүлдегері атанған.

Әмина Ешпанова, оқушы:

– Мен Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Атырау қалаларына барып, жарысқа қатыстым. Осы су спорты мектебіне ризамын. Соңғы рет Шымкентке барып келдім. Екінші спорттық разряд алып, соған өте ризамын.

Бұл облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Әмина секілді 900 бала жаттығады. Көбі өткен жаз айларынан бастап келіп жүр. Олар үшін мұнда күндіз тегін қызмет көрсетіледі. Ал кешкісін ересектер ақылы түрде жаттығады. Су спортынан өзге, мәнерлеп сырғанау мен хоккей ойнауға құмар тұрғындар көп.

Мейрамбек Махамбетов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Әрине, бізге бассейн құрылыстарын әрі қарай жалғастыру керек. Сол себепті қазір аудандарда салынып жатқан дене шынықтыру және спорт кешендерінде бассейндер қарастырылған. Хоккейге келетін болсақ, соңғы 2-3 жылдықта Ақтөбе облысында екі жабық хоккей корты салынды. Бірі мемлекет тарапынан, ал екіншісі ГЧП жүйесі арқылы салынды. Соның өзңнде де қазір сұраныс өте үлкен.

Бүгінде облыста 1800 спорт нысаны бар. Көбі білім беру ұйымдарының жанында болғанымен, тұрғындардың келіп жаттығуларына жағдай жасалған. Бұдан өзге, төрт ауданда жыл бойы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жабық түрдегі спорт кешенін ашу көзделіп отыр.  

Қазір өңірде 80-ге жуық спорт түрімен айналысуға жағдай жасалған. Таяу уақытта оның қатары тағы да көбейе түспек. Ал қыркүйектің соңына дейін Ақтөбеде республикалық деңгейде екі жарыс өткізу жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев.

Хабар 24 телеарнасы