389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана»-«Манчестер Юнайтед» матчы тарихта қалды

  • 321
  • UPD: 16:26, 20.09.2019

«Астана» футбол командасы ағылшынның «Манчестер Юнайтедіне» бір ұпаймен есе жіберді. Манкуниандықтар астаналықтардың қақпасына тек 75 минутта ғана гол сала алды.

Еуропа лигасы топтық кезеңінің матчы өткен Ұлыбританияның Манчестер қаласынан хабар алдық.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Отандық футбол үшін тарихи кездесу. Тұңғыш рет қазақстандық клубтың қарсыласы - ағылшын командасы. Кездесу Манчестер қаласының әйгілі «Олд Траффорд» стадионында өтіп жатыр. Оған 76 мыңнан астам көрермен сыйады. Бүгін мұнда екі жүзге жуық қазақстандық жанкүйер жиналды. 

Мына тұрған топ олардың азғантай бөлігі ғана. Дауыстары стадиондағы барша ағылшын жанкүйерінен асып түспейтінін білсе де үміттерін еш үзбейді. Ойын басталмас бұрын дайындықтарын тағы бір пысықтап алды. Барлығы да қызықты ойыннан дәмелі.

БЛИЦ: 

– Жер шарының қай түкпірінде болмасын, әрине, еліміздің флагманы «Астана» футбол клубын қолдау әрбіріміз үшін үлкен борыш. 

– Біз жеңеміз. «Астана» командасына сенеміз. Ең бастысы достық жеңсе де, қай команда жеңсе де бүгін біз жақсы ойынды «Астана» және «Манчестер» командаларынан күтеміз.

«Манчестер Юнайтед» командасының жанкүйерлері стадионды лық толтырды. «Олд Траффордта» ине шаншар орын болмады. Олар бір ырғақта ән айтып манчестерлік командаға барынша қолдау көрсетті. Сүйікті футбол клубының жеңісіне сенімді.

БЛИЦ: 

– Менің ойымша, «Манчестер Юнайтед» жеңеді. Алға, «қызыл сойқандар»!

– Әлбетте «Манчестер Юнайтед». Өйткені олар мықты команда. Олар Еуропадағы өз атағын тағы да дәлелдеулері керек.

Бірінші таймда «Манчестер Юнайтедтің» Рэшфорд, Матич, Чон сияқты әлемге әйгілі футболшылары Ненад Эричтың қақпасына бірнеше рет жойқын соққы жасады. Астаналық қақпашы олардың бәрін қайтарды. Ойынның алғашқы жартысы 0-0 есебімен аяқталды. Алайда екінші таймда «Манчестер Юнайтед» клубының 17 жастағы шабуылшысы Мейсон Гринвуд елордалық команданың қақпасына допты дөп тигізді. Қорытынды есеп – 1:0. 

Бір қызығы, бұл жолы МЮ-дің бас жаттықтырушысы ойынға жастарды көбірек тартқан. Өздерін көрсетуге мүмкіндік беру үшін. Еуропа лигасы тобының келесі туры енді екі аптадан кейін Нұр-Сұлтанда өтеді. «Астана» өз алаңында сербиялық «Партизанды» қабылдайды. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы