389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда триатлоннан ұлттық біріншіліктің ақтық кезеңі аяқталды

  • 184
  • UPD: 23:29, 22.09.2019

Қарт Каспийдің жағасында ерлер мен әйелдер арасындағы триатлоннан ұлттық біріншіліктің ақтық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы жылы да жеңімпаздар есімі екі санат бойынша анықталды. Алғашында кәсіпқой спортшылар Қазақстан чемпионаты аясында сайысқа түсті. Ал әуесқой санатқа кіргендер «Temir Adam» кубогі финалында бақ сынады.

Сенбіден бергі қолайсыз күн райы триатлоннан ұлттық біріншіліктің бағдарламасын өзгертті. «Temir Adam» кубогінің ақтық сайысынан жүзу сайысы алынып тасталды. Ал жүгіру мен велододаға қатысқан спортшылар қатты жел мен жаңбырға қарамастан, алдымен жақын қашықтыққа желаяқтық танытып, мұнан соң 90 шақырымды велосипедпен бағындырды. Іле-шала 21 километрге жүгіруден жарысты.

Ақмарал Еспенбетова, Қазақстан Триатлон федерациясының маркетинг директоры:

- Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуымен жарыс дуатлонға ауысты. Өзгертілген тәртіп бойынша триатлон екі және алты шақырымға жүгірумен басталды. Мұнан соң веложарыс, одан әрі алыс қашықтыққа тағы жүгірумен жалғасты. Ақтық сайыстарға ел аймақтары мен шет мемлекеттерден 130-ға жуық спортшы қатысуда. Олардың 54-і жекелей, үш адам кәсіпқой, қалғаны 10 команда бойынша жарыс кезеңдерінен үзіліссіз өтіп шықты.

Сайыстың ақтық кезеңдері аяқталған соң «Temir Adam» атағы мен кубогі ереже бойынша екі спортшыға беріледі. Салтанатты марапаттау рәсімі желтоқсанда Қазақстан федерациясының конгресі аясында болады деп жоспарланған. Биыл қатысқан әуесқой триатлетшілердің арасынан Алексей Кутцев пен Эльфира Дудник абсолют жеңімпаз атанды. Ал кәсіпқой санатта Александр Автушко топ жарды.

Александр Автушко, жарыстың ақтық кезеңінің кәсіпқой санаттағы жеңімпазы (Шымкент қ.):

- Триатлон спортымен 2002 жылдан бері шұғылданып келемін. Павлодарда өткен жарыстан соң төрт апта үзіліссіз дайындалдым. Биылғы жылы да ақтық кезеңдердің Ақтауда өтетінін естіп, қуандым. Өкінішке қарай, қатты толқыннан Каспийге шомылу мүмкін болмады. Күшті желге қарамастан мәре сызығын бірінші болып кестім. Бұл кәсіпқой спорттағы ең қиын жарысым деуге болады.

Триатлоннан ел біріншілігінің ақтық кезеңі ұлттық әл-ауқат қоры, Олимпиада комитеті және аймақ әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Жарыс жеңімпаздары әлемдік жарыстарға, бастысы келер жылы Токиода өтетін Жазғы олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы