418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Велотрек: Сергей Пономарев халықаралық турнирде жүлде алды

  • 586
  • UPD: 11:23, 23.12.2019
Велотрек: Сергей Пономарев халықаралық турнирде жүлде алды sportx.kz

Қазақстандық Сергей Пономарев Швейцарияда өткен халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің ең үздік велотрек шеберлері жыл соңында Гренхен қаласында бас қосып, өзара мықтыны анықтап тұрады. Биылғы бәсекеге Олимпиадалық даярлау орталығының шәкірті Сергей Пономарев қатысып, көзге түсті. Ол Кейрин сайысында кіл мықтылармен сынға түсіп, табандылығының арқасында жүлдеге ілікті. Екінші орын алдағы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді. «2019 жылға қойылған жоспар толық орындалды. Енді сәл тынығып, әлемдік аламанға дайындықты бастаймыз», - дейді аға бапкер Валентин Савицкий.

 

«Ливерпуль» клубтар арасында әлем чемпионы атанды

«Ливерпуль» өз тарихында тұңғыш рет клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Юрген Клопп шәкірттері Қатарда өткен турнирдің финалында Бразилияның «Фламенгосын» жеңді. Матч тартысқа толы болды. Латын Америкасының чемпиондары Еуропа құрлығының мықтысына лайықты қарсылық көрсетті. Алма-кезек шабуылмен өткен ойының негізгі уақытында есеп ашылған жоқ. Қосымша 30 минутта «Ливерпульдің» мерейі үстем болды. Жеңіс голын 99-минутта Бразилиялық шабуылшы Роберто Фирмино соқты. Ағылшын командасы қажетті нәтижені кездесу соңына дейін сақтап қалды. «Ливерпуль» бұл турнирде соңғы рет 2005 жылы ойнап, финалда Бразилияның «Сан-Паулу» клубына есе жіберді. Ал, 1981 жылы құрлықаралық кубок аталған жарыста дәл осы «Фламенгодан» жеңіліп қалған болатын. Клубтар арасындағы әлем біріншілігінің қола медальы Мексиканың «Монтеррей» командасына бұйырды. 

 

Усейн Болт Токиодағы ұлттық стадионда сынға түсті

Атақты желаяқ, Олимпиада ойындарының сегіз дүркін чемпионы Усейн Болт Токио қаласындағы су жаңа стадионның тұсауын кесіп, алғашқы жарыста сынға түсті. Ямайкалық жеңіл атлет келер жылғы жазғы Олимпиада ойындарының басты аренасының ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған эстафеталық жарысқа қатысты. Стадионға жиналған 60 мың адам Усейн Болттың өнерін тамашалады. Токио ұлттық стадионында 2020 жылғы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаты өтеді. Сонымен қатар жеңіл атлетика жарыстары да осы кешенде ұйымдастырылады. Су жаңа стадионның құрылыс жұмыстарына 1 млрд 44 млн доллар жұмсалды. Спорт нысаны алғашқы ресми жарысты қаңтар айында қабылдайды. Футболшылар Жапония императорының кубогын сарапқа салады. Сосын мамыр айында жеңіл атлетикадан Токио Олимпиадасының сынақ жарыстары өтеді.

 

Футбол: «Лейпциг» – «Аугсбург» 3:1

Неміс бундеслигасының 17-турында топ бастаған «Лейпциг» «Аугсбургті» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Матч қонақтар үшін сәтті басталған еді. Кездесудің 8-минутында Флориан Нидерлехнер Марко Рихтердің оң қапталдан асырған добын қақпаға дәл бағыттады. Сосын «Лейпциг» футболшылары кезек алды. Алайда, Нагельсман шәкірттері 68-минутқа дейін «Аугсбург» қақпасынан саңлау таба алмады. Алаң иелері қауіпті шабуылдар жиі ұйымдастырып, біразға дейін гол соғудың ретін таппады. 68-минутта Конрад Лаймер таразы басын теңестірді. 80-минутта Патрик Шик белсеніп, «Лейпцигті» алға жетеледі. Ойынның аяқталуына бір минут қалғанда алаң иелері қарымта шабуылдан үшінші голдарын соқты. Матчқа тыңнан қосылған Юссуф Поульсен кездесуге нүкте қойды. Есеп: 3:1. «Лейпциг» 17 турдан кейін 37 ұпаймен топ басында қалды. Енді Бундеслига бәсекесі 17 қаңтарда жалғасады.

 

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының кезекті турын Мәскеуде «Спартакпен» өткізіп, 1-3 есебімен жеңіліп қалды. Енді Андрей Скабелка шәкірттері келесі кездесуін 25 желтоқсанда өткізеді. Елордаға Санкт-Петербургтың СКА командасы қонаққа келеді.

 

Хабар 24 телеарнасы