377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының спортшылары биыл сайыстардан 1 мыңнан астам медаль ұтты

  • 155
  • UPD: 22:58, 26.12.2019

Ақмола облысының спортшылары биыл 1 мыңнан астам медаль иеленді. Соның 700-ге жуығы алтын мен күміс, қалғаны қола жүлде. Ал олар олжа салған байрақты бәсекелердің дені әлемдік және халықаралық деңгейдегі жарыстар. 2019 жылы аймақ спортшылары бағындырған белестер мол.

Қазақстандық каратэшілер биыл төртінші рет әлем чемпионы атанса, Қазақ елі үшін елеулі жеңісті бұл жолы осы спорттың отаны саналатын Жапониядан көкшетаулық спортшы Әділ Тәшім әкелді. 21 жастағы жігіт каратэмен бала кезінен бері айналысып келеді. Қазір ол халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Жалпы облыста спорттың бұл түрімен 500-ден астам адам шұғылданады екен. 

Әділ Тәшім, каратэ-додан әлем чемпионы:

- Әлем чемпионатында мен 4 жекпе-жек өткіздім. Соның барлығын жеңдім. Әлем чемпионы атағына ие болдым. Әлем чемпионатынан кейін халықаралық турнир өтті. Онда алтын медальға ие болдым. Кейін республикалық турнир өтті. Сонда да алтын медальға ие болдым. 

Каратэден бөлек өңірде биатлон, шаңғы секілді қысқы спорт түрлері мен бокс және ауыр атлетика да жақсы дамыған. Ал ақмолалық 400-ден астам спортшы қазір еліміздің ұлттық құрама командаларының сапында өнер көрсетеді. Олардың ізбасарлары да аз емес. Мәселен, биыл аймақтан 24 спортшы халықаралық санаттағы спорт шебері атанған. 

Қуаныш Қуатбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл Ақмола облысы спортта біраз жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, жерлесіміз Шавкат Рахмонов ЮФС-мен келісім-шартқа отырды. Ал «Арлан» хоккей клубы өткен маусымның қорытындысы бойынша елімізде 3-орынды иеленсе, кейіннен Құрлықтық кубоктың чемпионы атанды. 

Жалпы Ақмола облысында спортпен 200 мыңнан астам адам айналысады. Бұл өңір халқының 29,8 проценті. Ал алдағы жылы бұл көрсеткіш 30 процентке жетеді дейді мамандар. Осылайша Елбасы тапсырмасы орындалып, аймақта спортпен шұғылданушылардың қатары көбеймек.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы