447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абайдың туған жерінде құсбегілердің республикалық сайысы өтті

  • 355
  • UPD: 18:21, 10.02.2020

Қансонарда бүркітші шығады аңға. Тап осындай тақырыппен Шығыс Қазақстан облысында құсбегілердің республикалық сайысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Дәстүрлі жарыс Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, ақынның туған жерінде ұйымдастырылды.

Оған ақпанның ақ түтек боранына қарамастан еліміздің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық құсбегі қатысып 2 күн бойы саятшылық өнерін паш етті.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Қазақ елінің көк байрағында бейнеленген қыран құс ежелден-ақ азаттық пен еркіндіктің символы. Бүгінде тәуелсіз еліміздің құсбегілік пен саятшылық өнері жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатыр. Абай атамыздың тойы да осынау ата дәстүрден басталуы бекер емес. Оған жастардың да қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

Жарысқа Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ерасыл 11 жаста. Бұл өнерді жастайынан атасы мен әкесінен үйреніпті. Қиындығы мол болғанымен, қызығы одан күшті құсбегілік қаныңды ойнатып, жаныңды сергітеді дейді жас бүркітші.

Ерасыл Серікбекұлы, жас құсбегі:

– Бүркітшілікті мен кішкентай кезімнен, 7-8 жасымнан бастадым. Ең бірінші құсым ителгі болды. Сөйтіп ақырындап кіші құсты ұстап жүрдім де кішкене үлкейген соң, үлкен құстарды алып баптаймын. Енді қаршығам, тіпәй, тіпай, қалыпты, жақсы ұшып тұр.

Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Бүркіт, ителгі, қаршыға сияқты қыран құстардың әрқайсысына бөлек бөлек шарттар қойылды. Әуелі құсты ұшырып, иесіне қайтару, шырғаға салу арқылы іріктеу жасалды. Мұнан кейін қоян, түлкі, қарсақ сияқты аң түрлерін аңдып тұрып, бас салу да сайыс тамашалаушыларды таңдандыра түсті. Бәсекеге қатты жел де кедергі келтірді. Дегенмен, көктен құйылған құстардың қайсысы болса да тартынып қалған жоқ.

Ермұхан Байетбай, жеңімпаз бүркітші:

– Бүркітімнің аты – Айғайтас, жасы 4-те. Бірнеше жарыстарға қатысқан, көптеген жарыстарда болды, енді сол бүгін бағы жанып, бабы қатар келіп, 1-орын алдым! Үлкен ақсақалдарымыздан білмегенімізді сұрап, үйреніп келе жатырмыз. Көптеген жастар қазір осы бүркітшілікке қызығып, айналысуда.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

– Біздің облыста 600-дей, 560 іс-шара Абай тойы аясында  өтетін болып бекітілді. Соның 118 іс-шарасы біздің Абай елінде өтеді. Сондықтан міне, бастамасы  келешек ұрпаққа, жастарымызға үлкен өнеге деп есептейміз. Неге десеңіздер, біздің ұмытылып бара жатқан деп айтпасақ та, осыны жаңғыртуды мақсатында «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласы аясында жасап жатқан үлкен бір іс-шара деп айтуға болады.

Бүркіт сынында Алматы облысынан келген Ермұхан Байетбай мен Сейітжан Алмас өзара бірінші және екінші орынды бөліссе, үшінші орын атыраулық Арман Қошқаровқа бұйырды. Сайыстан бөлек өткізілген түз тағысы қасқыр алуға тек Нұғман Қайдарұлының бүркіті ғана бейілін бекем буа алды.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

– Барлық облыстарда дерлік ұлттық спорт мектептері жанынан саят бөлімі ашылды, тіпті аудандарда бар. Сондықтан қазір міне, көріп отырсыздар, осы жарысқа қатысқан құсбегілердің 90 проценті жастар. 7 жастан 70 жасқа дейінгі құсбегілер, бірақта соның ең айтып кетерлігі жастардың үлес салмағы өте үлкен. Бұл көңіл қуантарлық дүние. Көк туымызда тұрғаннан кейін басқа мемлекеттердің тәжірибесінде бар, біздің мына бүркітке негізі ерекше мәртебе, статус беру керек. Сонда біздің құсбегілерге де, қыран құастарымызға да қамқорлық көбейеді деп ойлаймыз.

Қаршығадан нұрсұлтандық Серікболсын Жалғасұлының, ителгіден тараздық Бақдәулет Бабажанның өнері өзгелерден үстем болды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар лайықты марапатқа ие болса, қонақтар үшін Абай елінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы