381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» баскетболшылары мәскеулік ЦСКА-дан жеңілді

  • 92
  • UPD: 12:39, 11.02.2020
«Астана» баскетболшылары мәскеулік ЦСКА-дан жеңілді

«Астана» баскетболшылары ВТБ бірыңғай лигасында Мәскеу ЦСКА-сын қабылдап, 72:95 есебімен жеңіліп қалды. Елорда командасы сапынан Душан Ристич көзге түсіп, ең нәтижелі ойыншы атанды. Ол бұл кездесуде 18 ұпай жинады. Мәскеу армияшылары қатарында Майк Джеймс белсенділік танытты. Оның еншісінде 27 ұпай бар. Джеймс бес нәтижелі пасымен де жеңіске өз үлесін қосты. «Астана» баскетболшылары ЦСКА-ға алғашқы таймда ғана лайықты қарсылық көрсетті. Тіпті есеп айырмасында алға шыққан еді. Бірақ үзілістен кейін лиганың қазіргі чемпиондары қарқын алып, басым түсті. «Астана» ВТБ лигасындағы келесі ойынын жұма күні өткізеді. Елордаға «Химки» қонаққа келеді.

Қостанайда дзюдодан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты аяқталды. Қазақстан біріншілігінде 700-ге жуық жас балуан қатысып, бәсеке көркін қыздырды. Үш күнге созылған татами сайысында жүлде саны бойынша Жамбыл облысы топ жарды. Алматы облысы екінші орыннан көрінсе, бес медаль еншілеген Қостанайлықтар үздік үштікті түйіндеді. Жарыс қожайындары командалық белдесуде де жеңіске жетті. Енді жеңімпаздар ұлттық құрама сапына алынып, Азия және әлем чемпионатына дайындалады.  

Жандос Қонысбаев, дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы:

- Қостанай өңірінде бұған дейін Қазақстан чемпионаты өтпеген. Белгілі бір себептерге байланысты. Ол ең бірінші – инфрақұрылым, спорт залы болған жоқ өткізетін. Дәл қазір керемет зал соққан. Сол залда тұңғыш рет Қазақстан чемпионатын өткізіп отырмыз.    

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Санкт-Петербург турнирін жеңіспен бастады. Еліміздің бірінші ракеткасы Премьер санатындағы жарыстың алғашқы кезеңінде чехиялық Екатерина Синяковадан басым түсті. Есеп: 6:3, 6:4. Матч бір сағат 20 минутқа созылды. Рыбакинаның 1/8 финалдағы қарсыласы бүгін анықталады. Латвиялық Анастасия Севастова мен француз Каролин Гарсияның қай жеңгені Еленамен кортқа шығады. Санкт-Петербург турнирінің ұтыс қоры 783 мың долларды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы