412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сегіз жасар балақай – қысқы жүзу жарысына ел атынан қатысатын жалғыз спортшы

  • 709
  • UPD: 23:13, 18.02.2020

Оралдықтар қақаған аязда да суға түсе береді. Мұндағы сүңгуірлердің алды сексеннің сеңгіріне шыққан. Ең кішкентайы 8 жастағы Алан.

Небәрі 4 жасында қысқы жүзу спортынан әлем чемпионатына қатысқан жеткіншек халықаралық жарыстардың 5 мәрте жүлдегері. 

8 жасар Алан әр жексенбі күні таңғы 8-00-де ұйқыдан тұрады. Алдымен жүгіріп, түрлі жаттығулар жасайды. Содан кейін ғана ойыққа түседі. Мұның бәрі мұздай суда тоңып қалмау үшін қажет дейді ол. Қыстың күні суға шомылу тәртібі туралы ол ересектерден артық біледі. Өйткені оның отбасында бәрі суық суға шомылады. Ата-анасы әуелі аурушаң әпкесін салқын сумен сауықтырса, Аланды екі айлығында шомылдырыпты.   

Төреғали Ғабдолов, қала тұрғыны:

- Баланы тәрбиелеу үшін оған өзің өнеге болуың керек. Біздер бір апта бойы салқын сумен шомылдық. Содан кейін қызымыз да соны қайталады. Ал Аланды емшектегі кезінен мұздай суға түсірдік. Әйелім алақанымен баланың еңбегін жауып, кеудесіне қысып тұрды. Мен үстерінен су құйып тұрдым.

2016 жылы Алан алғашқы жарысына қатысыпты. Ресейдің Төмен қаласында өткен қысқы жүзуден әлем чемпионатында ол ең жас қатысушы атаныпты. Ал Петрозаводск қаласында алғашқы медалін тағыпты. Түрлі халықаралық жарыстарда барлығы бес жүлдені қоржынға салыпты.

Төреғали Ғабдолов, қала тұрғыны:

- Ол жалғыз. Елімізде жалғыз. Мұздай суға түсетін балалар бар шығар. Бірақ жүзетіндері жоқ. Баттерфляй әдісімен ол Қазақстаннан бірінші медаль алды. Брасс, еркін стильден де медальдары бар. Жалпы қысқы жүзу спорты жас спорт түріне жататындықтан, болашағы алда деп білемін.

Балғын спортшыға толыққанды жаттығу үшін бассейн қажет. Бірақ Оралдағы мемлекеттік жүзу кешені жөндеуге жабылғанына бір жыл болыпты. Жеке бассейнге апаруға ата-ананың қалтасы көтермейді. Ал алда  Санкт-Петербург шәрінде өтетін дүбірлі дода күтіп тұр. 

Алан Ғабдолов, жас спортшы:

- Менің қазір бабым келіспей тұр. Өйткені жаттығатын орын жоқ. 3 стильде қатар жүзе алмаймын. Брасспен жүзсем судың астына сүңгіп кетуім мүмкін. Ал баттерфляймен тәсілімен жүзсем, мұздың бетіне шығып кетуім ғажап емес. Сондықтан мұздың шетін әлсін-әлсін қарап қоюға тура келеді.

Аланның халықаралық сайысқа қатысу жайы да жуырда ғана оң шешіліпті. Оған дейін әкесі қаржы таппай қиналыпты. Тіпті болмаса банктен несие алуға бел буған екен. Еліміздің әр түкпірінен жомарт жандар жәрдемдесіп, Санкт-Петербургке баруға қажетті соманы жинап беріпті. 

Берік Садықов, «Uralsk Runners» қозғалысының мүшесі:

- Қазақстанда мұндай бала жоқ. Бұған деген үлкен жігер керек. Әлеуметтік желіде көріп қалып көмектесіп жатқан жайымыз бар. Енді шыны керек Қазақстанның қалаларынан үлкен-үлкен клубтардың барлығы көмектесіп жатыр. Барлығына ризашылығымызды  білдіреміз. Аланға тілейтініміз - ешқашан тоқтамай Қазақстаның атын шығарып жүре берсе дейміз!

Қысқы  жүзу республикалық сайыстар тізіміне кірмейді. Мемлекет тарапынан көмек жоқтығын мамандар осылай түсіндіреді. Ал жанашыр жандардың қолдауы қанат бітірген Алан алдағы сайыста ел сенімін ақтауға бар күш-жігерін салмақшы.  

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы