424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германиялық желаяқ әже Қазақстанда жүгіруді ойлайды

  • 646
  • UPD: 09:52, 09.04.2020

Спортпен шұғылдануға карантин кедергі емес. Бұл Берлиннен шыққан желаяқ – Зигрид Айхнердің пікірі.

Зейнеткер 79 жаста. Ол әлемдегі беделді әрі танымал марафондардың дерлігіне қатысып, жүгіруден жарыстардың ең егде қатысушысы атанған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел билігі карантинге қарамастан, халыққа спортпен шұғылдануға тыйым салмағаны желаяқ әжені ерекше қуантты. Қарт спортшының пандемиядан кейінгі жоспарын тілшіміз біліп қайтты.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

2 мыңнан астам медаль мен кубок. Мұндай марапат тіпті кәсіби спортшылардың өзінде жоқ. Зигрид Айхнер жүгіруді 1980 жылы хобби ретінде бастаған, жасы 79-ға келген кейуана әлі тың. Берлин, Токио, Нью-Йорк, тіпті Антарктиканы бағындырған. Ол қатыспаған марафон жоқтың қасы.

Зигрид Айхнер:

Медальдарды әдетте қатысқаным үшін береді. Егер жүлделі орын алсаң кубок тапсырады. Менде шамамен 450 кубок бар. Марапаттардың арасында өзім үшін ең қымбаты мынау Калифорниядағы шөлейтті жүгіріп өткенімде табысталған. Ал, мынау 10 күнге созылған Италиядағы марафонда берілді. Мына қабырға – менің өмірім. Жүгіріп жүргеніме 40 жылдан асты. Әрбір медальдің артында қызықты оқиға жатыр.

Фрау Айхнердің үйде отыруы сирек. Жаттығулар мен түрлі кездесуден қол босамайтын әдетте. Коронавирус оның күн тәртібін түпкілікті өзгертті. Қазір үйінен алыстамайды. Жақын жерде жаттығады, ал жоспарланған жарыстарға қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Бірақ ол карантин аяқтала салысымен жаңа қашықтықтарды бағындыруға әзір отыр. Тіпті Нұр-Сұлтанға да келуге қарсы емес.

Зигрид Айхнер, спортсмен:

Спорт – бұл өмір. Екі аяғым көтергенше жүгіруді тастамаймын. Егер бірдеңені қатты қаласаңыз, ол орындалады. Токио, Бостон мен осы Берлиндегі марафондарға қатысқым келеді. Қазақстанда өткен жарыстарға барған таныстарым бар. Мен сіздің елде әлі болмадым, шақырса, қатысып қайтар едім.

Германияда бұл күндері қатаң шектеулерге қарамастан, спортпен шұғылдануға ешкім тыйым салып жатқан жоқ. Сондықтан Берлин көшелерінен жүргіншілерден гөрі жүгірушілерді жиі кездестіресіз. Жасына да шектеу жоқ. Себебі, спортпен шұғылдану ешқашан да кеш емес. 79-жасқа келген фрау Айхнер соның айқын дәлелі.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы