411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті жаңа жұмыс режиміне көшті

  • 82
  • UPD: 13:05, 22.05.2020
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті жаңа жұмыс режиміне көшті

Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті карантин жағдайында жаңа режимде жұмыс істеуді бастады. 18 мамырдан бастап қызметкерлердің 30%-ы кеңсеге оралып, қалған 70%-ы 1 маусымға дейін қашықтан жұмыс істейді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Коронавирусқа байланысты Қазақстан Республикасында төтенше жағдай режимі орнатылған соң 16 наурыздан 18 мамырға дейін ҰОК қашықтан жұмыс істеді. Қызметкерлер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҰОК күшейтілген санитарлық және дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтайды.

Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің карантин режимінде коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша қабылданған қаулысы аясында жаңа жұмыс механизмі енгізілді. Жұмыс орындарында санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау бойынша қабылданған шаралардан басқа барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдары мен орталықтандырылған қызметтік көлікпен толық қамтамасыз етілген.

Спорттық медицина және допингке қарсы күрес департаменті ҚР ҰОК қызметкерлерінің қазіргі жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Келеңсіз жағдайдың алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҰОК «өзгермелі» жұмыс кестесін қабылдады. Ұйымның бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі міндеті - спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға дайындалу.

Айта кетерлігі, ақпан айында жедел шараларды ұйымдастыру үшін арнайы шұғыл әрекет ету штабы құрылып, спортшылардың шетелде оқу-жаттығу жиындары мен спорттық жарыстарға қатысуы тоқтатылды. Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдай режимінде спортшылардың басым көпшілігі үйлерінде оқшауланып, үй жағдайында жаттығу жасады.

Қазіргі таңда Қазақстанның ҰОК төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін оқшауланған жағдайда ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын кезең-кезеңімен қайта бастау туралы ережені әзірлеуде. ҰОК спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне басты басымдық береді. Спортшылардың жаттығу жиындарына қайта оралуы үшін дайындық шаралары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы