418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Футболдан Германия чемпионаты аяқталды

  • 181
Футболдан Германия чемпионаты аяқталды Prosports.kz

Германия Бундеслигасының 2019/2020 жылғы маусымы мәресіне жетті, деп жазады Prosports.kz.

Коронавирусқа байланысты ұзақ үзілістен кейін Еуропадағы үздік чемпионаттардың арасында алғашқы болып Германия чемпионаты басталған. 16 мамырда қайта жалғасқан Бундеслига 27 маусымда аяқталды. 

Маусымды ала-құла бастаған «Бавария» тағы да чемпион атанды. Мюнхендік команда қатарынан сегіз жыл бойы чемпиондық атақты ешкімге берер емес. Биыл 34 ойында 82 ұпай жинап, 100 гол соқты. Екінші орындағы дортмундтық «Боруссиядан» 13 озып кетті. 

Бундеслиганың қорытындысына сай, Чемпиондар лигасына «Бавариядан» бөлек дортмундтық «Боруссия» (69 ұпай), «РБ Лейпциг» (66) және «Боруссия М» (65) командалары қатысады.

«Байер» (63 ұпай) мен «Хоффенхайм» (52) Еуропа лигасының топтық кезеңіне тікелей жолдама алса, «Вольфсбург» (49) Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысады.

Көш соңында қалған «Падерборн» мен «Фортуна» Екінші Бундеслигаға түсіп қалды. Ал «Вердер» чемпиионаттағы орнын сақтап қалу үшін өтпелі матчқа қатысады.

Үздік сұрмерген атағы «Бавария» ойыншысы Роберт Левандовскиге бұйырды. Польша құрамасының шабуылшысы қатарынан үшінші рет Бундеслиганың үздік мергені атанып отыр. Осы маусымда ол 31 матчқа қатысып, 34 гол соқты. 

Ал ең көп нәтижелі пас шығарған - Томас Мюллер. Германиялық ойыншы 21 ассистент жасады.

Хабар 24 телеарнасы