426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2021 жылы 700 мың қазақстандық БЖЗҚ-дағы салымдарының бір бөлігін ала алады

  • 131
  • UPD: 20:04, 01.09.2020

Бүгін Жолдауда Президент осындай пәрмен берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар Үкімет келер жылы «Аңсаған Сәби» бағдарламасын іске қосуы тиіс. Себебі бала сүйе алмай, ажырасып жатқан жұптар көп. Ал дәрігерлердің еңбекақысы 2023 жылға қарай орташа жалақыдан екі есе көп болады.

Келесі жылы ел бойынша 700 мың азамат зейнетақы қорындағы салымының бір бөлігін ала алады. Сөйтеді де, бұл қаражатты емделуге, үй алуға яки қаржы компанияларына сала алады.

Үй дедік қой. Жолдауда баспанаға қатысты да аз айтылмады. Қаржыны үй құрылысына ғана емес, жалдамалы баспананың төлемақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Бұдан не пайда?

Бұдан пайда – осы субсиялаудың арқасында халықты баспанамен қамту 1 жылда 10 есеге артады. 100 мыңнан аса отбасы мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл істі реттеуге тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жанындағы Отбасы банкі жауапты болады деді Президент. Сөзін сабақтай келе, Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» жобасын сынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Нұрлы жер» бағдарламасы баяу жүзеге асып жатыр. Оның сылбырлығы аумақтарды аббаттандырумен байланысты. Себебі заң бойынша үй салу үшін жер су мен электр желісі тартылған соң ғана беріледі. Жеке үйлерге ерекше көңіл бөлу керек. Үкімет пен әкімдіктер жер үйлерге арналған аумақтарды қажетті коммуникациямен қамтамасыз етуді жылдамдатуы тиіс. Бұл істі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік асында жүзеге асыруға болады. Осы проблеманың шешілуін депутаттар жіті назарда ұстағаны жөн.

Үйді айттық. Енді осы үйдің іші жанға толсын деген халықпыз ғой. «Балалы үй базар» деп жатамыз. Біздің елде әрбір алтыншы отбасы нәресте сүйе алмай отыр. Ақыры талай жұптың дәм-тұзы жараспаған. Қайтпек керек? Балалы болудың баламалы жолы бар ма? Жасанды ұрықтандыруға иек артамыз.

Сондықтан Президент 2021 жылдан бастап Үкіметке «Аңсаған Сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды бұйырды. «Жасанды ұрықтандыруға» бөлінетін квота санын 7 есеге ұлғайтып, 7 мыңға жеткізуді міндеттеді.

Ақжолтай ақпар. Ақ халаттылардың еңбекақысы өседі. 2023 жылға қарай дәрігерлердің айлығы орташа жалақыдан екі есеге көп болады. Тағы бір мәселе...

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.

Отандық фармацевтиканы дамыту – уақыт талабы. Мұны індет кезінде анық аңғардық. Барлық негізгі дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдары өзімізде өндірілуі тиіс. Қанша дегенмен бұл ұлттық қауіпсіздігіміз ғой. Президент келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтетінін айтты. Әлеуметтік саланың тағы бір басты – бағыты білім емес пе?! Бұл жүйенің кем-кетігі бары жасырын емес. Қашықтан оқыту ісі бізде көңіл қуантпайды.

Білім беретін бірыңғай платформа жоқ. Әсіресе карантин уақытында ата-аналар мен ұстаз қауымы абдырап қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл әсіресе мектептер үшін маңызды.

Президент айтты. Балалар қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек. Себебі біздің болашағымыз жастар. Осы білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Биылғы Жолдауында да Мемлекет басшысы педагогтардың еңбекақысын өсіруге тағы да жекелей тоқталды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің айлығы 25 процентке ұлғаятынын атап өтті. Жалпы жалақы алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда бақандай 1,2 триллион теңге бөлінбек. Жолдаудың әлеуметтік бағытына қатысты бір түйін осы.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы