378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Бейбіт күн батырларының ерлігі ұрпаққа өнеге болуы тиіс – Қ.Тоқаев

  • 221
  • UPD: 20:01, 06.05.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау саласы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады.

Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шарада Президент ерен еңбегімен дараланған шенділердің жеке-жеке құттықтап, ерліктерін көпшілікке үлгі етті.

Қарулы күштер, прокуратура, ішкі істер және қауіпсіздік саласының жетекшілерінен бөлек капитан, лейтенант, сержанттар Ақордаға жиі жинала бермейді. Тек жылына бір мәрте еңбегімен немесе ерлігімен ерекше көзге түскендері шақырылады. Төккен тердің өтеуі ретінде олар мемлекет наградалармен марапатталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушыларды төл мерекемен құттықтап, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды. 

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде 5 қаруы сай, заманауи технологимен жабдықталған күштік құрылымдар елдің берік қорғанына айналды. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін айтты. Сөйтіп, 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шенін Ғизат Нұрдәулетовке, полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағын Алик Шпекбаев пен Ерлан Тұрғымбаевқа, сондай-ақ, генерал-лейтенант, генерал-майор сынды әскери атақтарды құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген өзге де лауазымды тұлғаларға берді.

Бас ордада президенттің қолынан 26 офицер мемлекеттік награда да алды. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға алғыс айтып, еңбекке адал әрі антқа берік болғанда ғана отанның лайықты ұлдары бола алатындықтарын жеткізді.  

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау - Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елбасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында біз  бүгінде Қазақстанның шекарасын бүтіндеп, іргесін бекіттік. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет - осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу.

Қазақстанның күштік құрылымдары заманауи техника мен технологияларды меңгерген. Кез келген қауіп-қатерге тойтарыс береді. Бұған таяуда ғана Алматы облысының аумағында өткен «Айбалта» оқу-жаттығуы дәлел. Мемлекет басшысы әскерилердің ұшқыр әрекетіне өзі де көз жеткізіп қайтты. 

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ер жігіт жүрегін елге береді, намысын ешкімге бермейді. Міне бүгін ортамызда  еліміз бен жерімізді адалдықпен аянбай қорғаған қаһармандар тұр. Олардың арасында адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары бар. Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Президент жарлығымен мемлекеттік наградаға ие болғандардың алғашқысы Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Алдабергенов. Оған бірінші дәрежелі «Даңқ» ордені табыс етілді. Бұл атаққа бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев пен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Василий Рысбаев та ие болды.    

Ал екінші дережелі «Даңқ» орденімен  Конституциялық құрылысты қорғаудағы қызметі үшін Алматы облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиев пен Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімен ерекшелендерге екінші және үшінші дәрежелі «Айбын» ордендерін де табыс етті. Айта кетейік, бүгін марапатталғандар арасында Бас прокурордың қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева да бар.  Ерлермен иық тіресе еңбек еткен нәзік жанды «Құрмет» орденіне ие болды.

Аянбек Кенжешев бүгін марапат алғандардың ішіндегі ең кішісі. Ол өзінің туған күнінде «Ерлігі үшін» медаліне бекер қол жеткізіп отырған жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын өрт сөндіруші жалындаған оттың арасынан адамдарды аман алып шыққан.

Аянбек Кенжешев, өрт сөндіруші:

- Екінші мамыр күні сағат 10:40 шамасында Дүкенұлы 4 көшесінде жатақханада комната жанды. Сол комнатадан балаларды құтқару үшін ерлігі үшін медаль алып отырмын. 25-темін. Бүгін 26-ға келдім. Біздің міндетіміз адамдарды құтқару, өрт сөндіру.

Шымкенттегі әскери авиацияның аға ұшқышы Көбеген Мырзатаев болса, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болды. 15 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол көк тарланы деген атқа да ие. МИ 35 тікұшағымен халықаралық жарысқа қатысып, Ресей, Қытай және Беларус ұшқыштарын қапы қалдырған сарбаз бұл мемлекеттік награданы командалық жетістік деп есептейді. 

Көбеген Мырзатаев, аға ұшқыш:

- 2018 жылы халықаралық жарысқа қатыстық. Сол жарыста нұсқаушылардың көрсеткенін көрсеттік. Көк туымызды желбіретіп қайттық. Ол жерде әр экипаж өзіміздің физический жағынан, рухымыз жағынан көрсеттік.

Марапат иелері бұл атақ-абыройға лайықты екенін дәлелдеді. Десе де, оларға жүктелер жауапкершілік қашанда ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел қорғайтын азаматтар бар да елдің іргесі бүтін, отанымыздың шекарасы берік болар сенім білдірді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Телеканал Хабар 24