375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Электронды күнделік қаншалықты тиімді?

  • 656
  • UPD: 17:13, 18.01.2019

2016 жылдан бастап отандық мектептерге пилоттық жоба ретінде электронды күнделік жүйесі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушы, ата-ана және мектепті байланыстыратын жүйе хакерлерден қаншалықты қорғалған? Ондағы деректер қолды болмайтынына кім кепіл?

Оқушының мектепке тіркелген күні, тұрғылықты мекенжайы, ата-аналардың жұмыс орны мен байланыс телефондары. Электронды күнделікте осы ақпараттың барлығы жазылған. Жүйеге кіру үшін арнайы логин мен құпия кілт болу керек. Дегенмен кибер шабуылдар арқылы электронды жүйелердің кемшіліктерін анықтайтын ІТ мамандар жаңа күнделіктердің де мінсіз емес екендігін айтады. Алайда мамандар ақпараттық қауіпсіздік мақсатында нақты қандай ақау тапқандарын жарияламайды.

Сабина Берикова, ІТ маман:

– Ақпараттық қауіпсіздік мамандары ретінде біз осы жүйенің қаншалықты қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін өзіміздің аудитімізді өткіздік. Жүйенің осал жақтарын таптық. Біз осал тұстары бар екенін білдіретін Білім және ғылым министрлігіне ресми түрде хат жібердік. Қазіргі таңда ресми түрде хат алған жоқпыз. 

Астанадағы 85 мектеп электронды күнделік жүйесін пайдаланады. Балалардың білімін бағалайды, үй тапсырмасын береді. Тоқсанды қорытындылап, тіпті жылдық есепті де жаңа жүйемен шығарады. Мұғалімдердің көңілі тоқ. Бірақ қарапайым қағаз күнделіктер де әлі қолданыстан шықпаған.

Ақерке Сұлтанова, №30 мектеп-гимназияның қазақстан тарихы пәні мұғалімі:

– Кейбір балалар әлеуметтік жағдайына байланысты, яғни ғаламтор желісі жоқ балаларға, қағаз күнделікті пайдаланамыз. Өйткені баламен, ата-атамен қандай да бір қарым-қатынас болу керек.

Цифрландыру жүйесі аясында енгізілген «Электронды күнделіктің» мобильді нұсқасындағы кейбір қызметтер ата- аналар үшін ақылы. Бір балаға айына 300, жылына 3000 теңге маңайында. Кейбір ата-аналар бұған қарсы болса, енді бірі бұл жүйені мүлдем пайдаланбайтындығын айтады.

БЛИЦ:

– Менің ойымша, бұл күнделіктерді ешкім пайдаланбайды. Өйткені ата-аналармен сөйлесіп тұрамыз. Ешкім қолданбайды деп айта аламын.

– Мен әлі жүйеге тіркеліп, пайдаланып көрмедім. Бірақ алтыншы сыныптағы қызымда бар екенін білемін.

– Мен электронды күнделік жүйесін пайдаланбаймын. Бар ақпаратты баламның сынып жетекшісінен біліп отырамыз. Бізге сол жеткілікті.

ІТ мамандардың айтуынша, жүйедегі ақаулар дербес ақпараттың қорғалмағандығын білдіреді. Ал бұл өз кезегінде «Электронды күнделіктің» әлемдік және қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің минималды талаптарына да сай келмейтіндігінің белгісі.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров

Телеканал Хабар 24