379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Елімізде 340 мың көп балалы отбасы баспанаға зәру

  • 113
  • UPD: 20:49, 09.04.2019

Кәсіпорын басшылары жағдайы төмен қызметкерлерінің баспана алуына қажетті алғашқы жарнаны төлеп, жағдай жасауы керек.

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осындай ұсыныс білдірді.

Бүгінде көп балалы жанұялар үшін дәл осы баспана қамы мен жұмыспен қамту жайының өзекті екенін айтқан ол, оны шешу жолдарын да ұсынды. Айта кетейік, 2025 жылға дейін әлеуметтік ахуалы төмен 58 мың отбасы баспанамен қамтылуы тиіс. Бұл үшін бюджеттен 500 млрд теңге бөлінеді.

Әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж отбасылардың жағдайы биліктің жіті назарында. Жыл басынан бері үкімет мүшелері өңірлерге арнайы барып, ондағы көпбалалы отбасылардың ахуалын бағамдап келді. Басты мақсат Елбасының әлеуметтік бастамалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Мұндай қолдаудан 340 мыңнан астам отбасы үмітті.

Елбасының әлеуметтік қамқорлық бастамасы көптеген кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Ірі бизнесмендер мұқтаж адамдарды қолдап, қол үшін беру аса маңызды. Көптеген кәсіпкерлер азаматтарды жұмысқа орналастырып, бизнес негіздеріне үйрете бастады. Әлеуметтік мәселелер бойынша, кәсіпкерлердің идеялары бар, біз оларды бірігіп, іске асыруымыз қажет.

Әлеуметтік сала министрі Бердібек Сапарбаев жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамту - ең басты мәселе екенін атап өтті.  Айтпақшы, елдегі ірі және орта кәсіпорындарда  көпбалалы 23 мың ата-ана жұмыс істейді. Олардың 15 мыңында баспана жоқ екен. Министрдің ұсынысы бойынша, сол ұйымдар пәтердің алғашқы жарнасын төлеуге міндеттелуі тиіс. 

Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жоспар бойынша жылына 6000-ға жуық жалдамалы пәтер, оған қоса 6000-ға жуық тұрғын үй құрылыс банкі арқылы жеңілдетілген заиммен 19-21 жылдардағы берілетін үйлер. Жалпы осы 7 жылдың ішінде  ең кем дегенде 40 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілуі керек.

Көп балалы отбасын асыраушылардың жеке кәсібін бастауына мүмкіндік бар. Бұл ретте өңірлерде арнайы жобалар қолға алынған. Маңғыстаудағы «Бизнес үш күнде жобасы» аясында бір айда 100-ден аса отбасы өз ісін бастап кетті.

Айжани Нұрланова, кәсіпкер:

- Бүгін енді Үкімет басшысына менің жобам қатты ұнағанына қуаныштымын. Ол кісі үлкен интереспен тыңдады. Тағы бір қуанатын жағдай бұл отбасылар еш кредитсіз. Көбінің кредит алатын мүмкіндігі жоқ. Ең төменгі сатыдағы отбасыларға ең қажет жоба.

Үкімет отырысында халықтың әл-ахуалын түзеуге кәсіпкерлердің де ден қойғаны белгілі болды. Еліміздің әр түкпірінде қайырымдылық шаралары қолға алынуда.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы:

- «Самұрық қазына транс қоры» арқылы жыл сайын 5 млрд теңгеге 15 қайырымдылық жоба іске асырылды. Мектеп жасындағы 9 мың балаға оқу-спорт үйірмелері тегін қызмет көрсетіледі. 1170 церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға тегін оңалту курстары, Қазақстанда емделмейтін 100 балаға  шетелде емделуге көмек көрсетіледі. Медициналық пойыз арқылы республиканың 60 мыңнан астам алыс бекеттегі тұрғындары тегін қызмет алады.

Жыл басынан бері демеушілер жағдайы төмен отбасыларға 3 млрд теңге көлемінде көмек көрсеткен. 268 отбасы баспаналы болса, 1500 адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік қамқорлық жалғасын табады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әділғазы Төлеміс

Телеканал Хабар 24