378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ақтаудағы «Жартасты соқпақ» жағалауынан апта сайын 2 тонна қоқыс жиналады

  • 195
  • UPD: 17:27, 21.04.2019

Тәртіп болсын деп жағажайға бейнекамерлар орнатылып, жеткілікті мөлшерде қоқыс жәшіктері қойылған.

Бірақ босаған ыдыстар мен тағам қалдықтарын бей-берекет шашып кететіндер азаймай тұр. Осындай жағдайларды азайту үшін енді жағалауда патрульдік жасақ жаяу жүріп, бақылау жасамақ.

4-шағын аудандағы құлама жардан 1-шағын аудандағы яхта клубына дейінгі аралық «Жартасты соқпақ» деп аталады. Коммуналдық мекеме қызметкерлері бұл орында таңғы сегізден кешкі беске дейін тазалық жұмыстарын жүргізеді. Жиналған бос бөтелкелер мен тамақ қалдығы жәшікке емес, бірден қоқыс таситын машинаға салынады. Ал жартастағы жазуды кетіру үшін біраз тер төгуге тура келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

-Сүйіктісіне сезімін шырағдан жағып, ақ жартасқа жазу қалдырумен білдіретіндер бар. Олардың бұл әрекеті қала тазалығына жауапты коммуналдық мекеме қызметкерлері үшін әжептәуір жұмыс. Арнайы ертінділермен бояулар кетсе де, олардың орны жартаста қалып қояды.

Әйгерім Ходжаева, коммуналық мекеменің баспасөз хатшысы:

-Жартастағы жазбаларды кетіру біздің жұмысшыларға оңайға соқпайды. Әртүрлі еріткіштер, қырғыш құралдар, өшіргіштермен кетіріп тазалайды. Әктейтін жерлерін әктеп кетеді. Қоршаған ортағы қорғау өзінен басталарын әр адам жеке түсінуі керек.

Туристер жиі баратын жағажай қауіпсіздігін жекеменшік күзет мекемесі бейнекамералар арқылы қамтамасыз етеді. Оқыс оқиға бола қалса, полиция шақыртады. Сонда да тәртіп бұзушылық тыйылар емес. Жуырда қураған қамысты жаққан біреулердің кесірінен ағаш баспалдақтар бүлінді. Басқа да жүгенсіздіктерді негізінен ішімдік ішкен адамдар жасайды.

Есмұқан Төреғалиев, облыстық ПД ЖПП рота командирі:

- Теңіз жағалауында масаң күйде жүрген немесе алкогольді ішімдік ішкен адамдарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қоғамдық орында жазу жазып, темекі тұқылын не шемішке қалдығын тастауға бейім тұлғалар да дереу әкімшілік шараға тартылады.

Сәуірдің бірінен бастап «Жартасты соқпақ» жағалауында патрульдік жасақ жүреді. Тәртіп сақшылары бұл жердің қауіпсіздігін енді тәулік бойы жаяу жүріп бақылайды. Айтуларынша, құқықбұзушылық деректерден бөлек күніне 2-3 ұсақ қылмыс тіркеледі екен. Жуырда осы жерде полиция пункті ашылуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Телеканал Хабар 24