411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO: Ұлыбритания павильоны қазақтың ұлттық нақышымен әрленеді

  • 599

Ұлыбритания да EXPO-2017 көрмесіне соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Британиялықтардың павильоны халықаралық шарада ең көлемділердің бірі болмақ әрі қазақтың ұлттық нақышымен әрленеді.

Әлемнің ең мықты сәулетші-дизайнерлерінің бірі Асиф Хан бүгін көсіле сөйледі. Бұған дейін ол және оның әріптестері төл өнімдері туралы тіс жарған емес. Ханның айтуынша, британиялық павильон 2 мыңнан астам шаршы аумақты алып жатыр. Тақырыбы «Бізэнергиямыз». Дизайнер павильонды киіз үй пішінінде ойластырғанын айтады. Киелі шаңырақ астында келушілер Ұлыбританияның ғылыми жетістіктерін көретін болады.

Асиф Хан, Ұлыбритания павильонының бас дизайнері:

– Қазақ киіз үйі – мен үшін энергия тиімділігін арттырудың және қоршаған орта үшін оңтайландырудың белгісі. Киіз үй өте ыңғайлы, жеңіл және икемді. Ол әлеуметтік өмірді, отбасылық тұрмысты бейнелейді. Бұл архитектура тұрғысынан өте маңызды мәселе екенін болашақта да ұмытпауымыз керек.

Композитор Брайан Эно павильонның негізгі тақырыпқа сәйкес әсерлі шығарма жазды. Ол өз туындысы арқылы келушілерге шабыттандырмақ. Эдинбург университетінің профессоры, астрофизик Кэтрин Хейманс болса, павильонның ғылыми мазмұнына мән берген. EXPO-2017 көрмесіне ресми өкілдерден лондондық ситидің лорд-әкімі және Халықаралық сауда жөніндегі министр қатысады. Британиялықтар EXPO-2017 олар үшін ең озық технологиялары мен инновациялық жетістіктерін әлемге паш етудің үлкен мүмкіндігі екендігін жасырмайды.

Сара Эверет, Ұлыбритания павильоны комиссарының орынбасары:

– Біз EXPO-ның негізгі тақырыбы бойынша энергетиканың салаларына бағытталған әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мұнай және газ, тау-кен өндіру бағытында Қазақстанның энергетикалық секторында жұмыс істеп жатқан көптеген компаниямыз бар.

Осылайша көрме Ұлыбританияға Қазақстанмен және басқа да қатысушы елдермен іскерлік қарым-қатынас орнатудың мүмкіндігін туғызады.

Айта кету керек, Ұлыбританияны «жасыл» энергия саласында әлемге әйгілі технологиялық көшбасшы әрі жаңалық жаршысы деуге болады. Сондай-ақ бұл мемлекет 166 жыл бұрын ең алғашқы көрмені өткізіп тарихта қалды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы