389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO қалашығындағы Жапония павильонына келушілер саны 400 мыңнан асты

  • 802

Көрмеге қазақ тілінде шақырған қызметкерлері де қонақтар назарын өздеріне аудара білді.

Баламалы қуат көзі саласында үлкен жетістіктерге жеткен күншығыс елінің мемлекеттік тілімізге деген құрметі ерекше. Оны павильон ішіндегі қазақша жазылған стендер мен бейнекөрсетілімнен байқауға болады.

Күншығыс еліндегі Нагасаки қаласының тумасы Мидори Хашимото – қазақ келіні. Бүгінде EXPO 2017 халықаралық көрмесінің Жапония павильонында стендші болып қызмет етеді. Қазақ тіліне деген қызығушылығы Осака университетінде оқып жүргенінде басталған. Оның айтуынша, қазақ пен жапон тілдері қарпін ескермегенде грамматикасы жағынан өте ұқсас.

Мидори Хашимото, EXPO көрмесіндегі Жапония павильонының қызметкері:

- Қазақтар бізге айтып береді. Ой рахмет. Біздің қазақ тілмен өткізіп жатырсыздар. Көп рахмет деп айтып келеді бізге.

Мидори Хашимото жапон, қазақ тілдерінен бөлек, түрікше де еркін сөйлейді. Жолдасымен де Түркияда оқып жүргенде танысқан. Қазақтарды өзге ұлттардан тек қонақжайлылығы арқылы ғана ажыратуға болады дейді ол.

Мидори Хашимото, EXPO көрмесіндегі Жапония павильонының қызметкері:

- Неше сағат кеш болса да, хабар бермей келсе де, қонақтарды күту деген Қазақстанда өте жақсы. Бізде хабар бермей бармаймыз. Бізде бірақ қонақ келгенде де шай мен тәтті берсек болады. Бірақ осында ет беруіміз керек.

Көрмеге келушілердің әрбірін үйіне келген қонағындай қарсы алатын астаналық келіншек Қазақстандағы ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмағанын қалайды.

Мидори Хашимото, EXPO көрмесіндегі Жапония павильонының қызметкері:

- Бұрынғы Жапония сияқты қазіргі Қазақстан. Бұрын Жапонияда да солай болды. Туысқандар келеді. Біз де баратынбыз. Қазір азайып кетті сол мәдениет. Қазақстанда әлі бар сол.

Айта кетейік, Жапония павильонындағы 40 стендшінің 32-сі әйелдер. Олар 3 күн қызмет етіп, 1 күн демалады. Халықаралық мамандандырылған көрме ашылғалы бері павильонға 420 мыңнан астам қонақ келген. Павильон 3 бөлмеден тұрады. Біріншісі елдің энергетикалық жолын баяндайтын кіріспе. Екіншісі Жапонияның болашаққа бастар жолындағы технологиялар жетістігі. Үшіншісі тақырыптық бейнекөрсетілім.

Хабар 24 телеарнасы