383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шотландиялық актер әлемдік қауымдастықты Ирактағы балаларға көмек беруге шақырады

  • 617

Шотландиялық актер Юэн Макгрегор әлемдік қауымдастықты Ирактағы балаларға көмек беруге шақырады.

ЮНИСЕФ елшісі таяуда Таяу Шығысқа барып қайтқаннан кейін осындай үндеу жасады. Оның айтуынша, Ирак пен Сирияда зорлық-зомбылықтың кесірінен бүгінде 3,5 миллионнан астам баланың өміріне қауіп төніп тұр. Жазықсыз жандардың арасында отбасынан ажырап, қорғансыздың күнін кешкен бейкүнә сәбилер мен жетімнің кебін киген жеткіншектер де аз емес. Бір қарағанда, балалардың өзгеден еш айырмашылығы жоқ. Алайда олар тағдыр тауқыметін ерте тартқан тас жетімдер. Барлығының ата-анасын «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» содырлары жер жастандырған. Бүлдіршіндер арасында жақындарының қайғылы қазасын өз көзімен көргендер де бар.

Халида Сабри, оқушы:

- Сол күнгі оқиға көз алдымнан кетер емес. Таңғы 8 кезі еді. Экстремистер біздің ауылға тұтқиылдан шабуыл жасады. Тұрғындар жан-жаққа қаша бастады. Олар артымыздан қуып жетіп, әкем мен 3 бауырымды ұстап алды. Жақындарымыздың тағдыры әлі күнге дейін беймәлім. Жауыздардың әкемді тірі қалдырмағаны анық. Мүмкін бауырларыма аяушылық танытқан шығар деп үмітімді үзгім келмейді.

Қазір Дахук қаласындағы жетімдер үйінде 26 бала тұрып жатыр. Қарны ашып жүрген жоқ. Білім беру мәселесі де шешілген. Бұл бағытта мекеме басшылығына қайырымдылық қоры қол ұшын беріп отыр.

Әли Сүлеймен Оде, қайырымдылық қорының өкілі:

- Бұл Ирак Күрдістанында немістің қайырымдылық қорының бастамасымен ашылған алғашқы жетімдер үйі. Біз балаларды алғаш көргенімізде көбісінің ахуалы адам аярлық еді. Енді олар қоғамға бейімделіп кетуі үшін барынша жанашырлық жасауымыз керек.

Лили, жетімдер үйінің тәрбиеленушісі:

- Мен бұрын Синджар қаласында тұрғанмын. «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» содырлары әке-шешемді, 3 бауырымды және 16 жастағы әпкемді өлтіріп кетті. Мұздай қаруланған лаңкестер ағамның отбасын да қырып салды. Артынша 21 қызды ұрлап әкетті. Қаскөйлердің кесірінен тұлдыр жетім қалдым. Енді міне, балалар үйінде жан бағып жатырмыз. Басшылыққа айтар алғысым шексіз. Олар бастан кешкен қайғы-қасіретті ұмыттыру үшін бізге түрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырып жатады.

Бұл жетімдер үйінде тұрып жатқан балалардың көбісі Синджар қаласынан. 2014 жылы «Ирак пен Левант лаңкестік тобы» шаһарды басып алғанда, 400 000 күрд қашып кеткен болатын. Ал бас сауғалап үлгермендердің балалары бүгінде осындай мекеме қабырғасында тәлім-тәрбие алуға мәжбүр.

Авторлары: Жұлдыз Атагелдиева, Жадыра Джазина.

Хабар 24 телеарнасы