382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Польша Қазақстанды әлеуеті зор бес нарықтың қатарына қосып отыр

  • 834

Елбасының Польша Республикасына мемлекеттік сапары аясында құны 850 млн доллар болатын 17 келісім бекиді.

Екі ел инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асырып, сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайта түспек. Транзиттік әлеуетті де дамытып, Польша біздің ел арқылы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері, Орталық Азия, Қытай, Үндістан мен Иран нарығына шығуды көздеп отыр.

Мемлекеттік ту, Құрмет қарауылы мен әскери оркестр. Алыстан ат терлеткен мейманды әдетте осылай салтанатпен қарсы алады. Бұл күндері Варшавада Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрмет тіптен ерекше. Польша басшысының арнайы шақыруымен Елбасы мемлекеттік сапармен келіп отыр.

Президент сарайы - Варшавадағы зәулім сарайлардың ең үлкені. Көш жерден көзге ұрып тұр. Польша басшысы бұл ғимаратқа бар жоғы бір жыл бұрын көшіп келген екен. Содан бері Анджей Дуда құрметті қонақтарды осы жерде қарсы алады. Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға талпынған ресми Варшаваның белсенділігі бүгін ерекше байқалып тұр. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға үшінші рет келуі. Соңғысы 14 жыл бұрын сонау 2002 болған. Бірақ бұл сапардың мәні де, сәні де бөлек. Мемлекеттік деген мәртебеге ие. Ең құрметті президенттерге ғана, оның өзінде бір-ақ рет мемлекеттік сапар шегуге болады екен. Сондықтан Анджей Дуда бастаған Польша елі Қазақстан Президентіне ең жоғары деңгейде құрмет көрсетті.

Көшбасшылар саяси диалог, экономика, энергетика, ауыл шаруашылығы, жаңа теxнологиялар мен инвестиция саласындағы серіктестікті қаузады. Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы алдыңғы қатардағы экономикалық әріптесі. Сауда-саттық көлемі бойынша әлем елдері қатарында 17-ші орында. Ал Варшаваның Орталық Азия елдерімен тауар айналымының 70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Оның үстіне, Польша Қазақстанды әлеуеті зор бес нарықтың қатарына қосып отыр. Оны игеру үшін арнайы үкіметтік бағдарлама әзірледі. Бұл бестікте бізден бөлек Канада, Түркия, Бразилия және Алжир бар.

Моника Пёнтковски, Польша жұмыс берушілер одағының ұлттық инноваторлар ұйымы президенті:

- Біз Қазақстанды бес маңызды нарықтың бірі ретінде үкіметтік бағдарламаға енгіздік. Қазақстанда энергетика саласындағы фирмалардың біріккен орталығын құруды ұсынып отырмыз. Серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік зор. Қазірдің өзінде 100-ден астам поляк компаниясы Қазақстанда жемісті жұмыс істеп жатыр. Польша - көмірді тереңнен өндіру бойынша Еуропадағы жалғыз ел. Біз осы тәжірибемізбен бөліскіміз келеді.

Польшаның бізге берер теxнология-тәжірибесі мол. Фармацевтиканың өзі қайда жатыр?! Шымкентте «Польфарманың» салып берген дәрі-дәрмек зауыты байланыстарға стратегиялық сипат берді. Жыл соңына дейін поляктар Астанада құрылыс қоспаларын шығаратын зауытты іске қоспақ. Еліміздің батыс өңірлерінде де жобаларға атсалысып жүр. Польша - Еуроодақтағы энергия ресурстарының ең ірі тұтынушысы. Қазіргі таңда Қазақстаннан Польшаға мұнай, шикізат, көмірмен қатар азық-түлік экспортталады. Ал бізге тұрмыстық электроника, азық-түлік, жиһаз бен xимия өнеркәсібінің өнімдері импортталады. Былтыр алыс-беріс 1 млрд доллардан асқан. Қазір қос тарап оны ұлғайтуға ден қойып отыр. Бұл орайда екі елдің де көлік-логистикалық мүмкіндіктерін атап өткен жөн. Польша біздің елдің транзиттік әлеутін пайдалана отырып, ЕАЭО мемлекеттері, Орталық Азия, Қытай, Үндістан мен Иран нарықтарына шықпақ.

Януш Пехочиньский, Польша-Азия сауда палатасының президенті:

- Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан Польша үшін Орталық Азиядағы экономикалық xаб қана емес. Біз үшін ортақ стратегия ол - Жібек жолы. Қытай мен Батыс Еуропа арасын тек осы тариxи жол ғана байланыстыра алады. Қазақстан мен Польша осы екі транзиттің шетінде тұр. Жүк тасымалын арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Алматы немесе Астана-Варшава арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды.

Елбасының мемлекеттік сапары екі ел қарым-қатынасына тың серпін берері сөзсіз. Әсіресе, бизнес қауымдастықты жақындата түспек. Бұған қазақ-поляк бизнесмендері мүдделі. Күнтәртібінде тұрған инвестициялық жобалар ұшан-теңіз. Құны 850 млн долларды құрайтын 17 келісім сапар аясында бекиді. Сөйтіп, әріптестік жаңа кезеңге аяқ баспақ. Варшава Астанамен саяси диалогты да нығайтуға ниетті.

Рышард Чарнецкий, Еуропарламент төрағасының орынбасары:

- Ең әуелі саяси серіктестікті күшейту керек деп есептеймін. Өйткені соңғы кездері Ресей мен Түркия арасындағы жағдайды реттеуде қазақ елі өлшеусіз үлес қосты. Бітімгер бола білуі Қазақстанның xалықаралық саяси саxнадағы беделін арттыра түсті. Сондықтан Қазақстанмен саяси ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Астана біз үшін Орталық Азиядағы ең негізгі серіктес.

Қазақстан мен Польшаның мәдени-гуманитарлық ынтымағы да жарасқан. Сабақтастықтың тамыры тереңде жатыр. Тағдырдың тәлкек жолында ұлы далаға қоныс аударғандар бүгін өз үйін өлең төсегіндей көреді. Қазақтың дарxан даласы 35 мың поляктың отанына айналды бүгінде. Қазақстан үкіметі олардың мәдениеті мен тілін емін-еркін меңгеруге жағдай жасаған. Демек, Тәуелсіздіктің торқалы тойы ағайын болып кеткен поляк жұртына да ортақ мереке. Қазақ еліне деген құрмет толастар емес. Жырақта жатқан варшавалық ағайын алаш жұртын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтауда. Мерейтойға орайластырып бәйге ұйымдастырылды мұнда. Оның символдық мәні бар. Сонау 1991 жылы үлкен аламанға қосылған Қазақстан 25 жыл бойы бәйгеде. Алар асуы көп алда. Бұған поляк жұрты сенімді.

Авторлары: Мұxтар Ыбырайым, Әлібек Әлиев, Руслан Жәкеев, Хасен Омарқұлов және Алмаз Ормарғалиев.

Хабар 24 телеарнасы