389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пәкістанда «Робин Гуд әскері» аш халықты тойдыруда

  • 795

Пәкістанда «Робин Гуд әскері» деп аталатын еріктілер ұйымы құрылды.

Топ мүшелері мейрамханаларда артылып қалатын қалдық тамақты жинап, ашқұрсақ жүрген кедей-кепшік пен жетім-жесірге үлестіреді. Тәттіге толы мына жәшіктер мұқтаж жандарға берілу үшін қатталып жатыр. «Робин Гуд әскері» деген атауды иеленген еріктілер ұйымы Пәкістандағы ең ірі шаһар, 12 миллион тұрғыны бар Карачиде жұмыс істейді. Негізгі мүшелері - көзі ашық, көкірегі ояу жергілікті студенттер. Жастарға қолдау көрсететін тағы бірнеше ересек аға-әпкелері бар. Статистика бойынша, Пәкістанда әр үш тұрғынның біреуі тойып тамақ ішпейді. Аштық деңгейіне жүргізілген ғаламдық индексте бұл ел Эфиопиямен бір қатарда тұр. Ал арнайы зерттеулер Пәкістанда дайындалған тамақтың 40 пайызы қоқысқа тасталатынын көрсеткен.

Әли Ахмед, ерікті:

- «Робин Гуд әскері» ысырапшылдыққа қарсы күреседі. Бізге қол ұшын созуға келіскен 16 мейрамхана бар. Бір аптаның ішінде қалдық тамақтарды жинаймыз. Сосын мұқтаж жандардың мекенжайын анықтаймыз. Отбасында неше адам бар, олардың қаншасы бала екені сарапталады. Сөйтіп оларға әр жексенбі сайын тағам таратылады.

Алла Дитта, лашық тұрғыны, ерікті:

- «Робин Гуд әскері» келген кезде балалардың қарны тойып, бір жасап қалады. Ал олар келмесе, ашқұрсақ қалпында жүруге тура келеді. Бізде басқа күнкөріс көзі жоқ. Күнде еріктілердің келгенін тілеп жүреміз.

Топ мүшелері тамақты үлестіргенде бірінші кезекте бала-шағаға басымдық береді. Сонымен қатар, қайырымды ұйымның өкілдері жеткіншектердің қарнын тойдырып қана қоймай, тағам тарату кезінде жылы сөйлеп, жас ұрпақтың бойында әдептілік сияқты ізгі қасиетттерді қоса сіңіруге тырысады. Мысалы, мына балалар еріктіге ілесіп, тәрбиелік мәні бар өлеңді жатқа айтуда.

Самир Бег, ерікті:

- Бізде тек қана балалармен жұмыс істейтін арнайы топтар бар. Олардың міндеті - бүлдіршіндерді ойнатып, көңілдерін аулап, түрлі бағытта дұрыс ақыл-кеңес беру. Балаларды саппен кезекке тұрғызамыз. Осылайша оларға тек тән азығын ғана бермей, сонымен бірге рухани азық болатындай тәлім-тәрбие беруге тырысамыз.

«Робин Гуд Әскері» негізі 2014 жылы Үндістанда құрылған. Қазір қайырымдылық ұйымы 7 мемлекеттте жұмыс істейді.

Авторлары: Ернат Қашқынов, Әсет Толыбаев.

Хабар 24 телеарнасы