378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Kazakh TV» көрерменге креативті, танымдық бағдарламаларды көбірек ұсынбақ

  • 625

Бүгін жаңарған арна ресми түрде іске қосылды. Эфирлік безендірулермен қатар арнаның логотипі де өзгерді.

Ұлттық спутниктік телеарна алғаш рет 2002 жылдың 25 қазанында Caspionet деген атаумен жұмысын бастады. Бүгінде әлемнің 118 елінде хабар тарату мүмкіндігіне ие.

Бүгінен бастап көк жәшікке телмірген талғампаз көрермен жаңарған арнаны тамашалайды. Олар үшін танымдық бағдарламалар эфирге жол тартты. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Kazakh TV» тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын шетелде дәріптейтін бірден бір ақпараттық құрал екенін атап өтті.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Елімізді шетелдік аудиторияға таныту. Танытып қана қоймай, біздің бай тарихымыз бен мәдениетіміз туралы айтып беру. Шетелдік инвесторларға Қазақстан экономикасы туралы айтып беру.

Ұлттық спутниктік арна еліміздің тұмса табиғатынан бастап экономикалық мүмкіндіктеріне дейін әлемге кеңінен насихаттайды. Мәселен шетелдік инвесторлар әлемнің әр бұрышынан елдегі саяси ахуалдан хабардар болады. Ал саяхатшылар үшін таптырмас танымдық бағдарламар ашылды.

Айкүміс Сексенбаева, «Kazakh TV» арнасының бас продюсері:

- Қазақстанның жетістіктері туралы жаңалықтарды жаңа контент арқылы жеткізуге тырысамыз. Ол ағылшын, қазақ тілдерінде шығады. Қазақстан аудиториясы, отандық көрермендеріміз контентті қазақ және орыс тіліндерінде көреді.

«Kazakh TV»-ның Түркияда да тұрақты көрермендері бар. Арна бауырлас түрік елінің ақпарат кеңістігінде спутниктік және «Теле дүния» кабельдік желілер арқылы үздіксіз хабар таратады. Әсіресе атамекеннен жырақта жүрген отандастарымыз үшін арна алтын көпірге айналған. Түркиядағы қандасымыз Бешир Ахмет Көсенің отбасы телеарна жаңалықтарын үзбей көреді.

Бешір Ахмет Көсе, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

- Телеарнаны бүгін ашып қарасақ, логосы өзгеріп, қыран бейнесін алыпты. Біз әр уақытта шетелдегі қазақтар болып осы телеарнаның жақсы бағдарлама шығаруын тілейміз. Мына мәдениет жағынан ән, би, концерт, айтыс бағдарламалары көбейсе қуанып қаламыз.

Денис Ян 20 жыл бұрын Тараздан Сеулге қоныс аударған. Корей азаматы қазақстандық кәсіпкерлермен әлі күнге дейін іскерлік қарым-қатынасын тоқтатқан емес. Сондықтан ол үшін біздің еліміздегі жаңалықтан құлағдар болу маңызды. Айтуынша, арнаның онлайн режимде ағылшын тілінде хабар таратуы көрерменнің көбеюіне сеп болмақ.

Денис Ян, көрермен (Корея):

- Қазақстан мен Орта Азия елдеріне барып жатқан кореялықтар көп. Менің ойымша, отандастарымның 50%-ы ағылшын тілін меңгерген. Сондықтан арнаның ағылшынша хабар таратуы маңызды. Өйткені ақпарат алмасуда оқығаннан көрі көзбен көрген ерекше әсер қалдырады.

Жаңа маусымда жаңалықтар топтамасы күніне 3 рет эфирге шығады. Осылайша, көзі қарақты көрерменге креативті, танымдық бағдарламаларды көбірек ұсыну көзделіп отыр.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Бахтияр Ырза

Хабар 24 телеарнасы