378,40 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда өндірісте жастардың үлесі басым

  • 868

«Жас келсе - іске!». Қазақстан Тәуелсіздік алған жылы өмірге келген өрендер бүгінде өндірісте ең жауапты жұмыстарды атқарып жүр.

Оның бір дәлелін Қостанайдағы кондитерлік фабрикадан табуға болады. Екі мыңдай адам еңбек ететін кәсіпорында бүгінде жастардың үлес салмағы елу пайызға дейін жетіп отыр. Оларға еңбек ете жүріп жоғары білім алуға да қолайлы жағдай жасалған. Альфия Хабибуллинаның карамель желісінде істегеніне екінші жыл. Сонымен қатар ол жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Оқуының барлық шығынын кәсіпорын көтереді. «Ең бастысы, менің тұрақты табысым, мамандығым бар. Болашаққа сеніммен қараймын» - дейді жас маман.

Альфия Хабибуллина, кондитер :

- Кондитерлік фабрикада жұмыс істеген маған ұнайды. Себебі, өндіріс өте ауқымды және қызықты. Еліміз дамыған сайын кәсіпорынымыз тек ғана алға жылжып келеді.

Кәсіпорын есебінен жыл сайын Альфия сынды ондаған жас маман жоғары оқу орнын тәмамдайды. Дуальдық жүйе арқылы оқытуға колледждермен келісім жасалған. Өндіріс жыл сайын жаңару, жаңғыру үстінде. Ал озық үдеріс заманауи жабдықтардың тілін білетін білікті мамандарды талап ететіні түсінікті.

Тимур Садықов, Кондитерлік фабрика басшысы:

- Бұл желілер жаңа технологиялық желілер. Оған жоғары тәжірибесі бар жұмыскер керек. Сондықтан біз өзіміздің өнеркәсіп тарапынан ЖОО-дарына жұмыскерлердің оқуын төлейміз.

Жастарды ғана емес, кондитерлік фабриканың кәнігі жұмыскерлерін де үйрету жолға қойылған. Айтолқын Қойгелдиева жеті жыл бұрын кәсіпорынға құрылысшы мамандығымен келген еді. Бүгінде шоколад шығаратын желіде оператор. Өндірістің қыр-сырына жас мамандарды баулиды.

Айтолқын Қойгелдиева, Желі операторы:

- Алып тастау керек. Осы «Баян сұлудың» ішінде үш айлық оқитын оқу бар, содан үш айлық оқудан өттім. Бәрі де өзгеріп жатыр. Бірінші кезде қолмен істегенбіз, мармеладты ана жақтан жинап, қолмен істегенбіз. Қазір бәрі жаңа жабдық, жаңаша технологиямен істейміз.

Жастардың келуі, жаңа технологияның енуі биік белестерге жетеледі. Бүгінде кәсіпорын жылына 65 мың тоннадан астам тәтті өнім шығарады. Оның 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров.

Хабар 24 телеарнасы