389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузиннің ұлттық билері – дүниежүзілік хореография өнерінің інжу-маржаны

  • 2881

Тау халықтарының ғасырдан-ғасырға ұласқан дәстүрі мен елдік ерекшелігін насихаттайтын грузиннің ұлттық билерін дүниежүзілік хореография өнерінің інжу-маржаны деуге болады.

 

Сахнадан грузин билерінің негізінде ұлттық хореографияның заманауи үлгідегі туындыларын тамашалауға болады. Бұл – «Ачарули», «Мхедрули», «Казбегури» секілді басқа да билердің қойылымын жасайтын Грузияның «Метехи» ұлттық балеті. Ұжымның жетекшісі Гелоди Поцхишвили – ұзақ жылдар бойы би тобының режиссурасын қойып келген өнер майталманы.

Гелоди Поцхишвили, хореограф, «Метехи» ансамблінің негізін қалаушы:

- Ансамбльдің құрылғанына 40 жыл толды. Осы жылдар ішінде би өнеріне біз көптеген жаңашылдық енгіздік. Бидің қимылдарымен қатар әрбір қойылымды сүйемелдейтін музыканы өңдеп, бедерлеумен айналысамыз. Осыншама уақыт еңбектеніп, би ұжымын айтарлықтай жетістіктерге жеткізіп, грузин хореографиясының көптеген жарқын жұлдыздарын тәрбиелеп шығардым.

Грузин биі халықтың өткені мен болашағын тоғыстыратын, өмірдің нақ өзін бейнелейтін өнердің биік шыңы. Ер жігіттердің жүректілігін, тал шыбықтай тау қыздарының нәзіктілігін айшықтап көрсететін әрбір бидің желісі толықтай бір сюжетке негізделеді.

Грузин хореографиясының алтын қорында Аджария, Рача, Имеретия, Сванетия мен басқа да өңірлердің өмірін баяндайтын түрлі билер бар. Әрбір өңірдің биі өзіндік сипатымен және ғасырлар бойы қалытасқан дәстүрімен ерекшеленеді.

Өнер тобының бишілері жас болса да, көп жылдан бері бимен айналысып, мол тәжірибе жинаған. Сондықтан оларды би өнерінің хас шебері деп атауға болады. Себебі Грузияда балаларға жастайынан мәдени құндылықтарды сіңдіріп тәрбиелейді.

Татия Джаримелашвили, «Метехи» ұжымының бишісі:

- Менің жасым 10-да, бимен айналысқаныма 4 жыл болды. Мен билегенді жақсы көремін. Болашақта танымал биші болсам деп армандаймын.

Грузин халқының хореографиялық өнерінің даңқы бүкіл әлемге кеңінен танымал болған. Би бишінің дене қимылымен, бет-әлпетімен тілсіз сөйлеп, әңгімелейтін өнер. Ал қимылдар тілі баршаға түсінікті универсалды тіл.

Авторлары: Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы