386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Азық-түліктің шекті бағасы заң жүзінде реттеледі

  • 701

Елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 11%-ға қымбаттаған.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермес үшін заң жүзінде ай сайын кейбір тауар түрлеріне ұсынбалы баға енгізіледі. Саудагерлер азық-түліктің үстеме құнын белгілеу кезінде соған сүйенуі тиіс. Егер талап орындалмаса, сауда орындарының басшылары да жауапқа тартылады. Ал, ұсынбалы баға ақпарат құралдары мен ғаламтор желілерінде жарияланады. Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктері осындай бірқатар механизм ұсынып отыр. Жаңа жүйені келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- Біз Үкімет тарапынан 33 осындай тауарға баға тұрақты болуы керек деп отырмыз. Оны қазір қысқарту жоспар бар. 26-25-ке дейін қысқартуға. Жергілікті әкімдіктер болсын, Үкімет тарапынан да баға тұрақты болады. Ол бағалар ілініп тұрады. Мысалы, нан мынадай болуы керек деп. Одан аспауы керек. Күріш, жұмыртқа болсын, осыдан аспауы керек. Егер асса, өздерінің ұялы телефондары болады, соған хабарласып, осындай бұзушылық болды деп айтуға болады.

Сондай-ақ, Қайрат Айтуғанов азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорлары тиімсіз жұмыс істеп жатқанын айтты. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігіне осы мақсатта өткен жылы 14 млрд теңге бөлінген. Алайда, бұл қаржының 13 млрд-тан астамы әлі күнге дейін депозиттерде сақтаулы тұр. Ал, шаһарда азық-түлік тауарлары 8,4%-ға өскен. Бұл ретте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұдан былай тұрақтандыру қорларын әкімдіктердің басқаруына беру керектігін айтып, баға өсіміне жергілікті атқарушы органдар жауап беруі тиіс деп атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы