389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2016 жылы Қазақстан үшін спорттағы тиесілі табыстың көбі Риода өрілді

  • 1086

Асылы олимпиада ойындары өтетін жылдардағы маусым қорытындысы кешенді сынды сырт айналмайды.

Қайта ойындар нәтижелерін жіліктеп барып, үздіктерді атайды. Демек 2016 жылға тиесілі табыстың көбі Риода өрілді. Олимпиада қалашығында қазақ туы желбірегеннен кейінгі жеңістің бәрі ел есінде, жанкүйерлер назарында. Нижат Рахимовтан бастау алып, Дмитрий Баландин болып жалғасқан, Данияр Елеусіновпен өрілген жеңістің қай-қайсыса да қазақ спортының шоқтығын биіктетті. Күміс медальға уыс толғанын, қола жүлдені де мейілінше алғанымыз тарихта жазулы тұр. Рио ойындарын бір ауыз сөзбен түйіндер болсақ, бұл бір қазақ елінің мерейін биіктеткен жарыс болды. Паралимпиадалық ойындардағы Зүлфия Ғұбайдуллинаның судан терген алтын медалі мен Раушан Қойшыбаеваның пауэрлифтингтегі күміс жүлдесі де теңдесіз жеңіс.

Елсияр Қанағатов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

- Риода біз бірінші рет жалпы медаль санында 17 медальға ие болып, 2 орынға біздің командамыз ие болды. Сондықтан бұл да бір рекорд өзінше. Бұл да біздің елімізде спорттың даму деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді. Паралимпиада ойындарын айтатын болсақ, тарихта шынында да бірінші рет бір алтын, бір күміске ие болдық. Біздің спортшы қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетті.

Спорттан таласы бар, жүлдеден аласы бар Қазақстанның құрлық біріншіліктерінде даңқы шықты, әлем кубогы кезеңінде де жүлде жарған спортшылар болды. Мысалы, Елдос Сметов. Қой асығындай азамат, қолға жағатын сақадай абырой жинады. Жарыс барса, медаль алды. Ташкенде Азия чемпионы атанды. Демек жыл үздігінің қатарында Елдостың тұруы заңдылық. Жаз спортынан қысқы сайыстарға қарғыды демеңіз. Елдос секілді саңлақтың бірі - Абзал. Абзал болғанда да, Абзал Әжіғалиев. Шорт тректегі үмітіміз. Үміт қылаң беріп қана қойған жоқ. Жарқырап жанды да, қараша айында. Америкада өткен әлем кубогы кезеңінде.

Мәдіғали Қарсыбеков, Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Соңғы екі айда біздің жігіттеріміз әлем кубогының кезеңдерінде төрт медаль алды. Екі алтын, бір қола, бір күміс медаль. Бүгінгі жеткен нәтижеге он төрт жыл жұмыс істедік. Көп жұмыс істелді.

Футзал. Шет ел барып, ойыншылар жиып алсақ та ту іліп, додаға түсер кездегі табыстың дәмі бөлек қой. Какауға тізгін беріп, Сербия аттандырған құрама команда мықтылардың бәріне мінез көрсетті. Олар Еуропа чемпионатының қола жүлдегерлері. Шабуылшы Серік Жаманқұлов мергендер қатарынан табылды. Назым Қызайбай. Әлемнің екі дүркін чемпионы. Мамыр айында Астанада өткен дүние жүзілік жарыста төрт қызымыз алтын медаль иегерлері атанды ғой. Назымнан басқа, Диана Жоламан мен Валентина Халызова және Ләззат Күнгейбаева жеңіс тұғырына көтерілді. Нұрлан Бекжанов. Еркін күресте енді көрініп келе жатқан балуан. Олимпиада ойындарына енбей қалған салмақтағы спортшылар Будапеште бас қосып, әлем біріншілігін өткізген. Нұрлан өз самағында күміс жүлдегер атанды. Бұл да табыс. Кәсіпқой бокстағы жүйрігіміз екеу. Геннадий Головкин биыл екі кездесу өткізді. Сәуірде америкалық Доминик Уэйдті, қыркүйекте британдық боксшы Келл Брукты жеңді. Қанат Ислам да өзіндік шеберлігімен танылды. Америкада колумбиядық Хуан Де Анхельді алтыншы раундта нокаутпен жеңіп еді ғой, Алматыда ганалық Патрик Аллотейдің осал тұсын тапты. Тауық жылынан да көлдей табыстар күтеміз. Әсіресе қысқы спорт түрлерінен. Алматыда кезекті қысқы Универсияда өтеді. Кешенді сынға Қазақстан құрамасы тас түйін дайын. Демек алтын саулайтын күнге аз қалды.

Авторы: Амангелді Сейтханов.

Хабар 24 телеарнасы