432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында «Ұлы Дала Елі» фестивалі басталды

  • 1649

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бүгін Павлодар облысында «Ұлы Дала Елі» атты ауқымды фестиваль басталды.

Бірнеше мың адамның басын қосқан шара Ертіс өңірінде бұрын-соңды болмаған. Ұлан-асыр тойды тамашалау үшін меймандар сонау Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келіпті.

Жиырма бес жылдық мүшел тойын тойлап жатқан тәуелсіз елдің ертеңіне нық сенім ұялатқан мереке бұл. Бүгінде көк байрағымыз әлемдік аренада желбіреп, алыс-жақын мемлекеттің бәрі қазақ елімен санасатын дәрежеге жетті. Бүгін ауа райы да тамаша. Халықтың қуанышында шек жоқ. «Ұлы Дала Елі» фестиваліне Ертіс өңірі қызу дайындықпен келгені көрініп тұр. Шараның негізгі бөлігі Кенжекөл ауылындағы этноауылда өтіп жатыр. Кезінде елдің тарихына қатысты маңызды мәселелер халық арасында Ақтөбе аталып кеткен осы дөңнің басында шешілген деседі. Қырықтан астам ақшаңқан киіз үй мен хан шатыры тігілген. Қолөнер шеберлерінің туындылары жұрт назарына ұсынылып, көрмеге қойылған. Мерекеге жиналған жұрт алдымен есімі тарихта қалған Малайсары Тарханға арналған ескерткіштің ашылуына қатысты. Орта жүзден шыққан дарынды қолбасшы, батыр бабаның ескерткіші облыс орталығының көрнекті жеріне қойылды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын ұлықтаған дүбірлі думанға елімізге танымал ақындар мен жыршы-жыраулар және термешілер қатысуда. Азаттық үшін күрескен батыр-бабаларымыздың ерлік жолы театрландырылған қойылымдар арқылы көрермен жүрегіне жол тартты. Ұлттық ойындар мерекенің әрін аша түсті. Әсіресе Nomad каскадерлік шоуы мен «Саятшылар» көрінісі тойдың көрігін қыздырды. Мереке шеңберінде ұйымдастырылған шаралар мұнымен шектелмейді. Баянауыл ауданындағы Ескелді шатқалында бүгін туристерге арналған қонақ үй қолданысқа берілді. Ал қалалық ипподромда ат бәйгесі өтуде. «Ұлы Дала Елі» фестивалі гала-концертке ұласып, кешкісін отшашумен аяқталады.

Авторы: Қарлығаш Қасиетова

Хабар 24 телеарнасы