367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бельгия-Англия: үшінші орын үшін айқас

  • 282
  • UPD: 14:22, 13.07.2018
Бельгия-Англия: үшінші орын үшін айқас

Ресейдегі доп додасы шарықтау шегіне жетті.

Ертең әлем чемпионатының қола жүлдегері анықталады. Жартылай финалда сүрінген Бельгия мен Англия енді үшінші орын үшін алаңға шығады. Бұл матч Астана уақытымен сенбі күні кешкі сегізде Санкт-Петербург қаласында басталады. Кілең мықтылардан құралған Бельгия құрамасы француздарға кеткен есені енді ағылшындардан қайтаруды көздейді. Роберто Мартинес шәкірттері доп додасындағы соңғы ойынға Мәскеу маңындағы Дедовскіде дайындалып жатыр. Эден Азар бастаған футболшылардың көздегені бас жүлде болатын. Жартылай финалдағы ащы жеңіліс Бельгия жігіттерінің еңсесін түсіріп тастады.

«Ертеңгі матчқа басқа көңіл-күймен шығамыз. Жігіттер өзін өзі қайрауы тиіс. Үшінші орын ол да жетістік» дейді қорғаушы Томас Менье. Англия мен Бельгия футболшылары әлем чемпионатының топтық кезеңінде кездескені белгілі. Соңғы турда 1:0 есебімен Бельгия басым түскен болатын. «Бұл жолы да жеңіске жетуге шама жетеді» дейді Томас Менье.    

Томас Менье, Бельгия құрамасының футболшысы:

- Екі команданың да мүмкіндігі бірдей. Англияны ұту оңай емес. Бірақ оларды топтық кезеңде жеңдік. Сол нәтижені тағы да қайталауға шама жетеді. Бұл кездесу біз үшін маңызды екенін білеміз. Біз қарсыласымызға қарағанда жақсы ойнаймыз. Осы матчта жеңіске ұмтылатын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы