420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылықтар елорданың мерейтойына монумент пен аллеяны сыйға тартады

  • 936
  • UPD: 20:56, 08.06.2018

Қарағандылықтар елорданың 20 жылдығына «Қазақ еліне мың алғыс» монументі мен «Ұлытау» аллеясын сыйға тартады.

Қоладан құйылған монументтің биіктігі 14 метр. Ал аллеяға тарихи орындардың үлгісі қойылады.  Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімі Ерлан Қошанов хабарлады. Өңірде аталған  бағдарлама аясында 500-ге тарта жоба қолға алынған.

Ұлытау жерінде туристерге арналған сапар орталығы мен этноауыл салынады. Бүгінде қасиетті орындарға баратын жолдар жөндеуден өткізіліп жатыр. Былтырғы жылдың өзінде ондағы хандар кесенелері мен тарихи орындарды көруге  11 мыңға тарта саяхатшы келген.

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың айтуынша, бұл көрсеткішті 50 мыңға дейін жеткізуге болады. Ұлытауды әлемге таныту үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жұмыстарға баса назар аударылады.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Осы мақсатта 5 млрд теңгеге  былтыр басталған Қарағанды-Жезқазған жұмыстарын биыл толығымен аяқтаймыз. Былтыр осы жолмен жүру 7-8 сағат уақытта алатын болса, қазір 4-5 сағатта осы жолды жүріп өтуге болады.

Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бірнеше бағытта жүзеге асып жатыр. Өңірді қалай жақсартуға болатыны туралы азаматтық бастаманы әрбір тұрғын жасай алады. Бүгінге дейін 100-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Оның ең ұтымды дегендері іріктеліп алынады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 456 жоба жасалған. Оған бюджет қаржысынан бөлек  кәсіпкерлер мен меценаттар есебінен 5 млрд теңге қаражат жұмсалмақ.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Біздің туған жерден шыққан кәсіпкерлер өз қолдауын  көрсетіп келе жатыр. Тек солардың көмегімен 76 әлеуметтік нысан салынды және қайта жөнделді. 

Биыл Қарағаныдыда облысында «Жез киік» халықаралық этномузыка фестивалі өткізіледі. Бұқар жыраудың 350 жылдығын да атап өту жоспарда бар. Сонымен қатар қарағандылықтар елорданың 20 жылдық мерейтойына «Қазақ еліне мың алғыс» монументі мен «Ұлытау» аллеясын сыйға тартады. Ерлан Қошанов Орталық Қазақстанды газдандыруға қатысты сауалдарға да жауап берді. Газ құбырының 800-ден аса шақырымы облыс аумағынан өтеді. Нәтижесінде 100-ден аса елді мекенге көгілдір отын тартылады.

Хабар 24 телеарнасы