369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында қырылып қалған мал иелеріне өтемақы төленеді

  • 567
  • UPD: 11:54, 16.11.2018

Қызылорда облысында 40 бас қой қырылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Енді өлген малдың иесіне өтемақы төленеді», – деп жазады «Сыр бойы» облыстық газеті. Бірақ ветеринарлық зертхана «мал «лентоспироз» ауруына шалдықты» деген қорытынды шығарса. Бұл туралы өңір басшысы Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында баяндаған көрінеді.  

«10 қараша күні Жаңақорған ауданы Байкенже ауылдық округінің Шалқия ауылында уақ мал қырылу дерегі тіркелді. Мал иесі Ахмет Рахимовтың айтуынша, шығын – 116 бас қой. Алайда ауру ошағын зерттеу барысында облыстық комиссия 40 бас қойдың өлгенін нақтылады. «Аудандық ветеринарлық зертханасына «лептоспироз» ауруына және азықтан улануға күмәнді деп, патологиялық материал өткізілген. Егер диагноз расталса, мал иесіне бюджеттен өтемақы төленеді», – деді аймақ басшысы».

Қазір бұл аймақта жағдай тұрақты. Мал тұрған қора-жайларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ветеринарлық шаралар атқарылып, қатаң бақылауға алынған. Өлген мал өртеліп, арнайы мал қорымында көмілді.

Адамдарға қол ұшын бермесе, отыра алмайды

Ал «Алматы ақшамы» газеті игілігін ел көрсін деп, игі істер жасап жүрген азаматтар жайлы жазыпты. Мәселен, алматылық басылым адамдарға қол ұшын бермесе, отыра алмайтын қытайлық туралы мақала басып шығарған. Гуандун провинциясының тұрғыны Цай Янь-Цю соңғы үш жылда туған елін аралап, баспанасыз жандарға көмек көрсетіп жүр. Дәлірек айтқанда, ол басында баспанасы жоқ адамдарды тауып, оларды отбасымен табыстыруға бар күшін салатын көрінеді. Бірін жанұясымен келістірсе, енді біріне киім-кешек, азық-түлікпен жәрдемдеседі екен. Осылайша 3 жылдың ішінде 50 адамды отбасымен қосқан. Бұл сауапты ісін «көшеде үй-күйсіз жүрген жандарды кезіктірмегенде, бір-ақ тоқтатамын», – депті Цай Янь-Цю.

«Интернет пен БАҚ-тың арқасында бұл қайырымдылық шарасы ел ішіне кеңінен танылып, қазір оны қостаушы қайырымды жандар да көбейіп келеді. «Мен өз жағдайымды ойласам, баяғыда-ақ бабым келіскен бай еркектер қатарында болатын едім. Бірақ мен оны мақсат еткен жоқпын», -дейді ол».

Демалмайтын дәрігер

«Ресейдің Новосібір қаласында демалмайтын дәрігер бар. Балалар ауруханасының хирургі Михаил Колыбелкин еңбек демалысын адамдарға көмектесумен өткізеді. Саяжайға барып тынығып я болмаса саяхаттаудың орнына Новосібірдің ең үздік дәрігері атанған ол Ресейдің әр қаласына немесе шетелге барып, ауру балаларды тегін қарап, олардың бетіне қажет болса, ота жасаумен айналысады, деп жазады «Алматы ақшамы».

«Бұрын әр демалысымды ауру балаларға арнайтынмын. Қазір сұранысқа қарай. Егер демалыс бермей жатса, ақысыз демалысқа арыз жазып тартып кетемін».

Көліксіз қала

Испанияда көліксіз қала бар. Понтеведр деген шаһардың мэрі Игель Лорес 80 мың тұрғыны бар қаланың орталығымен көліктердің жүруіне тыйым салды. Бұрын осы орталықтағы бір ғана көшенің өзімен күніне 14 мың көлік қатынайтын. Бір күні қала басшысы 300 мың шаршы метрді алып жатқан тарихи орталықты жаяу жүргіншілер аймағына айналдырып, көшелерге мәрмәр тақталар төсеткен. Көшедегі автотұрақтардың бәрі алынып тасталды.

«Қаланың шетінен 1686 автотұрақ ашылды. Бағдаршамдарды айналма жолдар ауыстырды. Автокөліктердің жүру жылдамдығы қала шетінде сағатына 30 шақырымға дейін қысқарды. Бұрын тұрғындардың төрттен үшеуі көлікпен жүрсе, қазір олар жаяу жүргіншіге айналған не болмаса велосипедпен жүреді».

Осы категория бойынша: « Кино түсіру ермек пе? Жамбылда жастарды шопандыққа баулитын жаңа жоба жүзеге асырылмақ »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы