389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Халықтың банктерге қарызы 6 трлн теңгеге жуықтады

  • 1333
  • UPD: 10:36, 06.03.2019

Несие несібені арттырмайды десек те елімізде банктерден қарыз алатындар көп. Бүгінде тұрғындар банктерге 6 триллион теңгеге жуық қаражат қарыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. «Түркістан» қоғамдық-саяси апталық басылымында осы өзекті тақырып көтерілді. Мақала авторы Әсел Әнуарбек статистикалық деректерге сүйене отырып, маңызды жайттарқа үңіледі.  Несие алғандардың арасында жылдар бойы қарызын қайтара алмай жүрген жандар да аз емес. Тіпті, соңғы уақытта олардың қатары тіптен арта түскен. Оның ішінде мүлдем өтемей, ісі сотқа жеткен де жетерлік.

«Бірінші кредиттік бюро өкілдерінің мәліметінше, 6 миллионнан астам қазақстандық банктерге берешек. Қазір жеке тұлғалардың 92 пайызы екінші деңгейдегі банктерге, 5 пайызы түрлі қаржылық ұйымдарға, ал 3 пайызы онлайн несие берушілерге кіріптар. Олардың 1,5 миллионы алған несиесін мүлдем өтей алмай жүр. Несие алған азаматтар банк алдындағы қарызын өтеуге неге қауқарсыз? Мәселе – несиенің пайыздық үлесінде. Біздің елдегі банктер несиені өте жоғары пайыздық үлеспен беретіні ешкімге де жаңалық емес. Ал әлем елдерінің көбінде несие пайызы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен». 

Жалпы елімізде несие алу бойынша Алматы қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары көш басында тұр. Ал «Жас Алаш» апталығы Алматы облысы, Панфилов ауданындағы ауыл тұрғындарының ахуалын жазды. Көктал ауылының іргесінде орналасқан елді мекеннің әлі күнге дейін ресми атауы жоқ екен. Бұл келеңсіздік кесірі ауылдықтардың өз үйлерін заңдастыруға кедергі келтіріп отыр дейді мақала авторы Ербол Ілияс.  

Алматыда облысында атауы жоқ ауыл тұрғындарға кедергі келтірді 

«Көктал ауылының жанында орналасқан 400-ге жуық түтіннің біразы электр жарығын тоқырау жылдарында пайдаланған мотордан алады. Қас қарайса балалар диодты шаммен сабақ оқуға мәжбүр. Алайда тұрғындардың басты мұңы бұл емес. Барлығының мемлекеттік актісі бола тұра басыбайлы баспаналарын заңдастыра алмай отыр.»

Адамзаттың азық-түлікке сұранысы артып отыр

Ал Қазақстан алдымен аграрлы мемлекет. Сондықтан бізге саланы салиқалы дамытып, суармалы  егін алқаптарын арттырып, агробизнестің дамуына күш салу керек. Сол арқылы нарыққа сапалы өнім ұсынып, экономиканы қарқынды дамытуға мүмкіндік көп. Бұл жөнінде «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде нақты деректер келтірілген мақала жарық көрді. Мақала авторы өңірдің әл-ауқатын арттыруда суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, арық жүйелерін қалыпқа келтірудің маңызды екенін атап өтеді. 

«Мәселен, дәстүрлі дақылдардың орнына мал азығындық, майлы, бақша дақылдарын және көкөніс өсіруге көбірек көңіл бөлінеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1 гектар жерде бидайдан 12,5 мың, рапстан 57 мың, соядан 103 мың, мақтадан (суармалы алқапта) 300 мың, картоп және көкөністен 1 млн теңге табыс алынды. Агросалада тер төгіп жүрген мамандардың мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығында тұқым нашар болса, өнім де төмен болады. Сондықтан өнімді көбейту мақсатында тұқым сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынбақ».

Хабар 24 телеарнасы