379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Науқастың бауырын жылдам ауыстырған Шымкент дәрігерлері рекорд орнатты

  • 702
  • UPD: 11:44, 03.05.2019

Шымкенттегі №1 аурухана хирургтары науқастың бауырын 5 сағат 48 минут ішінде ауыстырып, Қазақстан рекордын жаңартты.

Бұрын мұндай күрделі ота 13-18 сағат уақытта жасалатын, деп жазады «Өскен өңір» Шиелі аудандық қоғамдық-саяси газеті. Трансплантация 38 жастағы ер азаматқа жасалыпты. Науқас бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ем қабылдаған. Ал Алматыда дәрігерлер науқасқа трансплантация жасаудан бас тартқан екен. Шымкентте осындай сипаттағы оталардың жасалу тәжірибесі мол екендігін естіген жігіт толық медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлер оны бауыр алмастыру операциясына дайындаған. Қажетті ем дом шараларын толық қабылдаған оған 34 жастағы туысы донор болыпты. Күрделі отаны аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бастаған білікті ақ халаттылар жасады, делінген аудандық басылымның мақаласында. 

«Күрделі отаны барынша аз уақытта жасау операция кезіндегі қан жоғалтуды азайтып, наркоз препараттарына жұмсалатын шығынның азаюуына сеп болды. Науқастың жарасы тез жазылып, қалыпқа келуі де тез. Келешекте трансплантацияны бұдан да жылдам уақытта жасауды жоспарлап отырмыз».

143 адам қызылша ауруын жұқтырды

Қостанай облысында қызылша ауруын жұқтырғандар қатары артты. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті жазады. Жыл басынан бері өңірде қызылшамен ауырған 143 жағдай тіркелген. Сырқаттанғандардың 33%-ы – 1 жасқа дейінгі балалар, 30%-ы – 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар, қалғандары – ересек балалар. Облыста қазір қызылшаға қарсы қосымша иммундау шаралары басталды. Ол үшін өңірге 12 мың вакцина келіп түскен екен. «Осыған байланысты ата-аналарға балаларды вакцинациялаудың маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ақпаратты түсіндіру бойынша бірлескен жұмыс қажет», делінген мұндағы мақалада.

«Қызылша – өте кең таралған жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері – дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелердің пайда болуы. Аурудың инкубациялық кезеңі 7-ден 21 күнге дейін созылады. Асқынып кетсе, қайғылы жағдайға не баланы мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін. Әрі бұл дертпен балалар ғана емес, ересектер де сырқаттануы әбден мүмкін».

Денсаулық пойыздары осы жылы 230 млн теңгенің қызметін көрсетеді

Осы аптаның басында «Денсаулық» медициналық пойызы жолға шықты. «Түркістан» газетінде осыған қатысты мақала жарияланды. Қазақстанның шалғай жатқан теміржол станцияларына аялдайтын пойыздың сапары жыл соңына дейін жалғасады. 240 күн ішінде шойын жол бойында орналасқан ауылдардың тұрғындарына шамамен 230 млн теңгенің қызметі көрсетілмек. «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы 195 станцияға аялдайды. Сапар барысында барлығы 40 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр. Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған пойыздарда көрсетілетін медициналық көмек тізімінде: салалық мамандардың кеңесі, яғни терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, онколог секілді дәрігерлердің консультациясы, сонымен бірге түрлі зерттеулер мен диагностика түрлері (ультрадыбыстық зерттеулер, қан талдаулары, флюорография), кішігірім хирургиялық операциялар мен стоматологиялық қызметтер бар.

«Биыл денсаулық саласы қызметкерлерімен бірге Медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері де жолға шықпақ. Ондағы мақсат – станциялардың тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жан-жақты мәлімет беру. Себебі бұл – Қазақстандағы әрбір тұрғынға қатысы бар маңызды реформа. Сондықтан да Қор азаматтардың сақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап беретін нүктелер санын арттырып, консультацияларды жетілдіре түсуге ден қойып отыр».

Хабар 24 телеарнасы