384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда есірткі заттарын саудалаған 1200-ден аса сайт бұғатталды

  • 795
  • UPD: 10:45, 24.07.2019

Есірткі заттарын саудалаған 1200-ден аса сайт бұғатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қалалық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің басшысы Сергей Ильяных хабарлады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Биыл қылмыстың осы түрі бойынша 82 іс қозғалыпты. Тәртіп сақшылары Қазақстан бойынша ауқымды арнайы операция жүргізген. Сөйтіп Шымкент, Алматы және Қарағанды қалаларында жұмыс істеген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды. Шұғыл операция барысында мыңнан аса психобелсенді зат және 200 грамм мөлшерінде қауіпті дәрі тәркіленді. Қылмыскерлер есірткі заттарын ғаламтор желісінде жарнамалап, саудалап отырған екен.

«Былтыр қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін 1200-ден аса интернет сайттың есірткі бизнесімен айналысқанын анықтадық. Тиісті мәлімет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданды. Ғаламторда сайт ашу аса қиынға соқпайды. Бұған қоса осыған қатысты алаяқтық әрекеттерді де жоққа шығармаймыз. Қылмыскер есірткіге тәуелді азаматтың жағдайын пайдаланып, ақшаны интернет-банкингке аудартқызып, клиенттерін сан соқтыруы да мүмкін».

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «қорқынышты түс» шын болып шықты» деп, «Айқын» газеті кешегі санында жарияланған алғашқы мақаланың бірін осылай бастады. Әңгіме «ҚазАгро» холдингі тәуелсіз еліміз тарихындағы рекордтық шығынға 400 миллиард теңгенің талан-тараж болуына жол бергені турасында. «ҚазАгроның» жаңа басшылығы адам айтса нанғысыз алапат шығынның қалай қалыптасқанын және дағдарыстан шығу жолдарын айтып берді, делінген республикалық басылымда. Бүгінде холдингтің қордаланған шығыны 2019 жылдың басында 400 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл соманың жартысы – девальвациядан келген шығындар, екінші жартысы – банкрот болған банктер келтірген шығындар. Осының бәрі «ҚазАгро» менеджментінің 2013-2018 жылдары қабылдаған шешімдерінің салдары саналады, дейді холдинг басшысы Ербол Қарашөкеев. Осылайша ол бұрынғы басшылық «осындай теріс оқиғаларға дайын болмай шыққанын» айтады. Енді Қарашөкеев мырза холдингтің «дағдарысқа қарсы бағдарламасын» жария етіп отыр.

«Реформалау аясында «ҚазАгроның» жаңа топ-менеджменті шығындылық пен төмен тиімділік проблемасын шешу үшін 3 негізгі бағытқа күш-жігерін шоғырландырмақ ниетте. Біріншіден, холдингтің қаржылық жағдайын тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар әзірленіп, қолға алынады. Екіншіден, «ҚазАгро» құрылымы оңтайландырылады. Оның аясында еншілес компанияларының біразын жойып, қазіргі 7 компания орнына үшеуін ғана қалдыру ұсынылуда. Үшінші бағыт барлық процесті автоматтандыруға бағдарланған. «ҚазАгроның» қарыз алушыларының 70% ауылдағы жұмысты, егін егіп, мал бағуды жалғастыруға 4 миллион теңгеге дейін несие алатын фермерлер. Холдинг олардың кредит туралы өтінімін қарау уақытын 30 күннен 3 сағатқа дейін азайтуды мақсат етуде».

«Айқын» газетінде белгілі журналист Нұртөре Жүсіп туристік әлеуеті зор демалыс аймақтарындағы инфрақұрылымдық проблемаларды жайып салды. «Жетуің де, кетуің де қиын» деп аталатын мақаланың аты айтып тұрғандай, әңгіме жол туралы болмақ. «Шілденің басында Зерендіге барғанбыз. Шортанды мен Зеренді арасындағы жол адамның зықысын шығарып жіберген. Тамыздың басында осы жолдың жөндеуі бітеді екен деген хабар алып жатырмыз. Бұл да жақсы. Ал Алакөлге бару – бір азап. Соңғы 15-20 жылда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының бюджетінен 50 миллиард теңге Алакөлдің инфрақұрылымын дамытуға құйылған екен. Былтыр Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Алакөлдің Алматы облысы жағындағы демалыс орындарын аралап, Қазақстанның туризм саласын одан ары дамыту үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Алайда сервистік жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі қолбайлау болды. Атап айтқанда, автожолдардың сапасы қынжылтады. Осыған орай Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдеріне қойылар талап: қысқа мерзімде жолдарды жөндеп, сервистің деңгейін көтеру қажет», – деген тапсырма берді, дейді мақала авторы.

«Шығыс Қазақстан облысы бойынша Алакөл туризмін дамыту үшін алдағы үш-төрт жылда бюджеттен қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлінетін көрінеді. Былай алып қарасақ, мемлекет қаржы бөлмей жатқан жоқ. Бірақ сол қаражаттың қайтарымы оңбай тұр. Ел ішіндегі автожолдардың ескісін жөндеп, жаңасын осы заманғы талаптарға сай салудың қандай қиындығы бар? «Жеткенше бір қиналасың, кеткенде тағы қиналасың» дейді жұртшылық. Қалың ел қашанғы жол азабын тарта береді? Осы сұрақтың жауабы табыла ма, жоқ па?»

Хабар 24 телеарнасы