387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы «Астана «ЭКСПО-2017» көрме кешенін аралап көрді

  • 1474
  • UPD: 20:26, 01.06.2017

«Астана «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуына санаулы күндер қалды. Таяуда елордамызға әлемнің түпкір-түпкірінен туристер ағылады. Ел басқарған азаматтар халықаралық шараны абыроймен атқаруға барын салып жатыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін арнайы уақыт бөліп, «ЭКСПО» қалашығын аралап көрді.

Осыдан тура 5 жыл бұрын, яғни 2012 жылдың қараша айында Парижден елімізге сүйінші хабар жетті. «ЭКСПО» халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясында Қазақстанның асығы алшысынан түсіп, мерейі үстем болды. Халықаралық көрмелер бюросына мүше 160-қа жуық елдің 103-і Қазақстанды жақтап, бізге дауыс бергені баршаға белгілі. Маңызды да, мазмұнды бұл тартыста әлем елдері бірауыздан бізге сенім артты. Бір ғасырдың ішінде «ЭКСПО-ны» бірнеше мәрте өткізіп үлгерген Бельгияның осал қарсылас еместігі бесенеден белгілі еді. Бірі Еуроодақтың, енді бірі Азияның жүрегіне баланған қос елдің қарымы әмбеге аян. Бірақ арманы асқақ Астана барын салды, үмітті ақтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «ЭКСПО» – талайды тамсандырып, көпшіліктің көңілінен шыға білген халықаралық көрме. Олай деп айтуға толық негіз бар. Айналаны шолуға арналған әйгілі Эйфель мұнарасы да «ЭКСПО» көрмесінде таныстырылып, жұртқа паш етілген болатын.

«ЭКСПО» тарихының тамыры ғасырлардан сыр шертеді. Халықаралық көрме Лондон, Париж, Брюссель, Чикаго секілді әлемнің әйгілі шаһарларында да өтті. Дүниені дүбірге бөлейтін шараға салғаннан алғаны көп бұл елдердің. Алғашқы халықаралық көрме Кәрі құрлықтағы Тұманды Альбионда өтті. «ЭКСПО» тарихы жалпы Лондоннан басталады. Ендігі кезекте «ЭКСПО» жалауы жас та болса бас қаламыз Астанада желбірейді.

Ұтуын ұттық. Ендігі міндет – сенімге селкеу түсірмей, жоқтан бар жасау еді. Әлбетте, көпшілік арасында күмәнмен қарағандары да болды. Себебі «ЭКСПО» бұрын-соңды біз өткізіп жүрген халықаралық шаралардың бірі емес, бірегейі. Оның ауқымы да үлкен, жүктейтін міндеті де ауыр. Сол себепті 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыстың басталуына пәрмен берді.

Қараса көз тоймайтын ғимараттар кім-кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Санаулы жылдар ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жетекшілігімен зәулім «ЭКСПО» кешені бой көтерді. Елбасы ел абыройына тікелей қатысы бар шара алдында негізгі нысандарды бүгін тағы бір мәрте аралап, атқарылған жұмыстарды пысықтады. Президент әуелі көрменің басты нысаны саналатын «Нұр Әлем» павильонынына бас сұқты. Бұл – диаметрі 80 метр, шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат. Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ энергиясы» тақырыбын кездесейсоқ таңдаған жоқ. Тақырып жыл санап өзектілігімен ерекшеленіп, сұранысқа ие болып отыр. Болашақ энергиясы – қуат көздері жоқ елдер үшін жаңа технологияларды дамытуға әрі елдің қай бағытта дамып жатқандығын күллі әлемге паш етуге бірегей мүмкіндік береді.

Жалпы «ЭКСПО» бізге не береді?» деген сауал қазір көптің көкейінде жүр. Тетігін таба білсек, нарық заманында тиімді бастамалардың басы бұл. Біріншіден, Астана мен еліміздің әлем алдындағы абыройы артады. Ішкі туризмді дамытуға серпін береді. Шараның басы-қасында жүрген мамандар кейін бұл павильонның барлығы ел игілігіне қолданылатындығын жеткізді.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Миландағы көрмеден кейін павильондардың бәрі бұзылып, алынып тасталды. Бізде ондай болмайды. Мәселен, шар тәрізді «Нұр Әлем» павильоны болашақ мұражайына айналады. Онда ғарыш, күн, су, жел, кинетика энергиясы секілді тақырыптарды ашатын түрлі жобалар көптің назарына ұсынылады. Бүгінде павильондарды пайдалану бойынша ұсыныстар көп түсіп жатыр. Олардың бәрі қызықты. Бұл мәселеге қатысты нақты шешімді жуық арада қабылдаймыз деп ойлаймын.

Жауапты сала мамандары Мемлекет басшысына «Болашақ Астана – Қазақстанның 2050 жылғы елордасы» экспозициясын, ғарыш энергиясы залын, қазақстандық 28 ғылыми жобаны және «Жасыл экономика» тұжырымдамасы жөніндегі жобаларды қамтитын «Жасампаз энергия» аймағын жан-жақты көрсетті. Бұл ретте Қазақстанның «Токамак» материалтану термоядролық реакторының моделі, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Мемлекет басшысының бастамалары көрсетілген медиақабырға таныстырылды. Ең озық технологиялар жұмылдырылған бұл бастаманың барлығы зор үміт күттіреді. Осы орайда «жасыл» экономикаға өту, инвестициялар тарту бағыты да жүйелі жүзеге асып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, міндетті мінсіз атқару жолында жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де оң шешім тапқан.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

– Қазақстанда жүзеге асқан бірде-бір мемлекеттік бағдарлама осынша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген жоқ. Яғни бұл жұмыстар антикризистік шараға айналды десем, артық айтпаймын. Мұндағы барлық нысандар 21 айдың ішінде салынды. Ал мамандардың есебінше, олардың құрылысы 5,5 жылға созылуы керек еді. Уақыт тапшы болғандықтан, қысқа мерзімде аяқтауға тура келді. Бірақ олардың сапасына қазір мін таға алмайсың.

Ұлттық компанияның басқарма төрағасы «ЭКСПО» кешеніндегі барлық жұмыстар кестеге сай жүріп жатқандығын жеткізді. Демек шетелдік мәртебелі меймандарға өз павильондарын тұрғызып уақытылы аяқталуын тежейтін мәселелерге жол берілмегенін тілге тиек етті.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

Біз қатысушыларға павильондарды қарашаның бірінде бердік. Бірақ бірқатар мемлекет құрылыс жұмыстарын кеш бастады. Дегенмен көптеген ел кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ашылу салтанатына дейін бәрін үлгеруіміз керек. Естеріңізде болса, Миландағы көрмеде халықаралық қатысушылар өз павильондарын уақытында аяқтап үлгерген жоқ. Біз мұндайға жол бермейміз.

Елбасына есеп берген мамандардың барлығы бірауыздан санға емес, сапаға мән бергендерін айтты. Тыңға түрең салған бастамалардың барлығы мұқият зерделеніп, қаржының оңдыолды шашылуына жол берілмеді. Дей тұрғанмен, мұндағы әрбір ғимарат халықаралық талапқа сай тұрғызылған. Осы орайда Ұлық шараны тамашалауға келетін туристер саны 2 жарым миллионға жуықтайды. Оның басым бөлігі шетелдіктер және өзіміздің отандастар. ТМД аумағында алғаш рет өткізілгелі отырған ауқымды шараға 115 мемлекет пен 20 жуық халықаралық ұйым қатысатындығы белгілі. Санаулы күндерден кейін өз есігін айқара ашатын елордадағы «ЭКСПО-ға» Ұйымның бас хатшысы қазірдің өзінде жоғары баға беріп отыр.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

– Соңғы 1,5 жыл ішінде біз қарқынды жұмыс жүргіздік. Мердігерлермен ақша жөнінде келіспеген жағдайлар болып тұрды. 2014 жылы әзірленген техникалық экономикалық негіздеменің арқасында 300 миллиард теңге үнемделді. Жобалаушылар, инженерлер, сәулетші мен жұмысшылардың еңбегі үшін зор алғымысды білдіргім келеді. Ұйымның бас хатшысы Висенте Лоссерталестің айтуынша, Астанада өтетін шара соңғы «ЭКСПО» тарихындағы ең үздік көрмелердің бірі болуы әбден мүмкін.

Елбасы сондай-ақ көрме кешенінің конгресс-орталығында болып, «Шаңырақ», «Аспан» залдарын, VIP-террасаны мен концерт залын аралап көрді. Конгресс-орталық көпфункционалды мәдени әрі ойын-сауық орталығы болып саналады. Онда 2 мың 192 орынға арналған көрермендер залы мен 4 конференц-зал бар. Бұл ретте сахнаның сәнін келтіретін өнер адамдары меймандарға қандай сый әзірлеп отырғанын да көрсетті.

Жиынды қорытындылай келе, Президент көрменің ашылу рәсімі қалай өтетінін бағамдап, бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Бес жыл бойы білек сыбана кіріскен халықаралық көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Демек дүйім жұрт тағатсыздана күтіп жүрген көрменің ашылуы сәтіне де санаулы күндер қалды.

Авторы: Елдар Бақпаев 

Хабар 24 телеарнасы