378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет үйінде Кедендік кодекстің жаңа жобасы таныстырылды

  • 716
  • UPD: 20:41, 02.08.2017

Кедендік кодекстің жаңа жобасы арқылы шекарадағы алыс-беріс, барыс-келіс жұмыстары жеңілдеп, құжаттар электронды түрде берілуі тиіс. Оған қоса алым-салықтан түсетін қазына қаржысы да көбеймек. Салықтық несие институты. Бұл еліміздің бизнес саласын дамытатын жаңа қадам. Сол арқылы кәсіпорын аяғынан тік тұрып кеткенше салық төлемеуге мүмкіндік алады. Яғни міндеттемелерді кейін өтеуге уақыт беріледі.

Сондай-ақ Үкімет Кеден кодексіне өзгерту енгізуді көздеп отыр. Соның аясында саладағы кейбір операциялар электронды түрде жүргізіледі. Бұл жұмыс таяуда ғана әзірленген заң жобасы аясында жүзеге асуы мүмкін. Құжат күзде Парламентке ұсынылады.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінде кеден қызметкері қажетті анықтама қағаздарын алып, декларацияға тапсырыс беру үшін өтініш білдірушінің өзін жұмсайды. Енді бұл жұмыстарды кеден қызметкері өзі атқарады. Қазір барлық мемлекеттік органдар автоматтық жүйеде жұмыс істейді. Қажетті дерекқор базалары бар. Егер тапсырыс беруші анықтама қағаздарын алған болса, онда оны кеденге өткізудің қажеті жоқ.

Салық саясатын дамытудың жаңа жоспары да ел әлеуетіне елеулі ықпал етеді. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды азайтып, кейбір төлем түрлерін қысқарту жоспарда бар. Мәселен бұдан былай аукциондардан алынатын алымдар мен кеме жүзетін су жолдарын пайдалану салығы жойылады. Сол секілді мүлікті жария ету шарасының нәтижесі зор. Науқан кезінде жарыққа шығарылған нысандардың біршама бөлігі коммерциялық мақсатта қолданылып, қазына қаржысы ұлғайды. Ұлт жоспары аясындағы тағы бір мақсат-міндеттің бірі кедендік рұқсат құжаттарын алу ісін жеңілдету. Бұл іс экспорттық және импорттық тауар тасымалын дамытады.

Руслан Бекетаев, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

- «Бірыңғай терезе» экспорттық-импорттық операциялар бойынша жұмысы 2019 жылдың басында іске қосылады. Сол арқылы тауарларды кедендік тазалау кезінде барлық рұқсат құжаттары бір жерден алынады. Бұған қоса біздің министрлік «электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі негізінде «Виртуалды қойма» модулін іске қосады.

Еліміз арқылы өтетін тауар тасымалы ұлғайып келеді. Бірақ сол міндетпен бірде-бір отандық әуе компаниясы айналыспайды. Таяуда осы олқылықтың да орны толады. Яғни өзара алыс-беріспен айналысатын жергілікті компания құрылады. Бұл істі «Қазақстан Темір Жолы» мен «Эйр Астана» бірлесіп жүзеге асыруға кірісті.

Алик Айдарбаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары:

- Осы күнге дейін Қазақстанда жүк тасымалдайтын әуе компаниясы болмаған. Қазіргі таңда бізге шетелдіктердің қызметіне жүгінуге тура келеді. Ал жаңа компания жүк тасымалы нарығында өз орнын табады деген сенім мол.

2022 жылға қарай елімізде электр энергиясын тасымалдайтын ұйымдар саны қысқарады. Энергетика министрінің орынбасары айтқандай, бұл міндет бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ иесіз электр желілері энергия таратушы ұйымдарға беріледі. Сөйтіп соңғы 20 жылдан бері шешімін таппай келген мәселе реттеледі. Оған қоса қуат көзіне біркелкі тариф енгізу жоспары бар.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Электр энергиясы кешенін ырықтандыру процесінде бізде тауардың құны сатып алған жеріндегі бағамен бірдей. Бұл дегеніміз электр энергиясын өндіру әр аймақта әрқалай деген сөз. Сонымен қатар тасымалдау шығыны да әр қилы. Ал қуат көздерінің бірыңғай сатып алушысын енгізу аймақтар арасындағы осы айырмашылықты төмендетуге септігін тигізеді.

Ұлт жоспары аясындағы нақты міндеттерді сала басшылары осылай баяндап, алда атқарылатын жұмыстардың да ауқымды екенін атап өтті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев, Айдын Жұмабай

Хабар 24 телеарнасы