386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қосымша бөлінетін мемлекеттік гранттардың қай салаларға бағытталатыны белгілі болды

  • 764
  • UPD: 23:20, 25.04.2018

Бұдан былай мектеп бітірген түлектер ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыра алады. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрінің есепті кездесуінде айтылды. Ерлан Сағадиевтің айтуына қарағанда, бұл жаңашылдықты биыл 170 оқушы қолдауға дайын екен. Кездесуде білім саласына қатысты тағы қандай өзгерістер айтылды?

Министрлік Елбасының 5 бастамасы бойынша 2 жоба дайындады. Биыл қосымша бөлінуі тиіс мемлекеттік гранттың қай салаларға бағытталатыны белгілі болды. Оның 11 мыңы – техникалық, 5 мыңы өзге мамандықтарға бөлінсе, 3 мыңы – магистратураға, ал 1 мыңы докторанттарға бұйырмақ. Ерлан Сағадиев жатақхана мәселесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешуді де қарастырып отырғанын жеткізді. Яғни бұдан былай жоғары білім беру мекемелері мен құрылыс компаниялары өзара келісім нәтижесінде жоба жасақтауы тиіс.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мұндай жобаны алғаш рет қолға алып отырмыз. Қазір қаржыландыру мәселесі шешілді. Жер телімі бар құрылыс компаниясы немесе университет жоба дайындауы тиіс. Оны министрліктің қаржы орталығы бекітеді. Рұқсат берілгеннен кейін жауапты мекеме осы келісімшарт негізінде екінші деңгейлі банктен несие алады. Сәйкесінше жатақхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін ғана министрлік әр орын үшін қаржы төлейді.

ҰБТ-ның да ауылы алыс емес. Министр биыл мектеп бітірушілерге тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік жасап отыр. Алайда бұл  бастама мектеп бітірушілердің өз еркінде болмақ. Тілді таңдауға шектеу қойылмайды. Қазірдің өзінде 170-ке жуық оқушы ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірсе керек-ті. Ағылшын тілі демекші, Ерлан Сағадиев бастаған топ 10-11 сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуды қолға алған болатын. Жоспар бойынша 2019 жылы жаңашылдық енгізілуі тиіс.

Шолпан Кәрінова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры:

- Бүгінгі күні 4 мыңға жуық мұғалім толығымен дайындалып, тиісті құжаттарын алып, осы пәндерді ағылшын тілінде беру мүмкіндіктері бар. Айта кететін жағдай, биылғы оқу жылының өзінде 153 мектеп нақты осы 4 пәндердің кейбірін ағылшын тілінде бастауды пилоттық режимде бастады. Тағы 357 мектеп ағылшын тілінде берудің элементтерін оқу пәндеріне енгізіп жатыр. Алдағы оқу жылында осы пилот жалғастырылатын болады. Біздің жоспарымыз бойынша, бұл мектептердің саны өседі.

Сондай-ақ нөлінші сыныпты 2020 жылы енгізеді. Оған дейін 400 мыңға жуық балаға осы сыныптың жаңа оқулықтары әзірленуі қажет. Министр латын әліпбиіне көшетін болғандықтан, оқулықтарды осы бастан латынша басқан жөн деп отыр.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Әділғазы Төлеміс, Ермек Кеңшімбек

Хабар 24 телеарнасы