364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Павлодар облысындағы ауызсу мәселесін шешуді тапсырды

  • 281
  • UPD: 16:01, 17.07.2018

Павлодар облысының экономикалық өсімі 3,6 пайызға жетті. Өңірдің жалпы ішкі өнімі биыл алғаш рет 2 трлн теңгеден асты.

Бүгін Елбасы аймаққа жұмыс сапары кезінде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын жоғары бағалады. Өнеркәсіп пен энергетика, транспорт пен тұрғын үй құрылысы дамып келе жатқанын да айтты. Мәселен, биыл жартыжылдықта аумағы 80 мың шаршы метрден асатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Өңір басшысы жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 300 мың шаршы метрге жетеді деп сендірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы аймақтың өсуі, өркендеуі, елімізде қабылданып жатқан бағдарламалардың орындалуы мәселесі мені ойландырады. Біздің мақсатымыз өте биік – 2050 жылға дейін ең дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ол үшін өте көп жұмыс істеуіміз керек. Неше түрлң жаңа бағдарламаларды қабылдап жатырмыз. Ұлтымыз даму үшін ғылым мен техника, мамандар даярлау мәселесін жоғары дәрежеде ұстауымыз керек. «Цифрлы Қазақстанды» жүзеге асырыу бойынша Павлодар өңірін алға қойып отырмыз.

Дегенмен өңірде ауызсу мәселесі өткір тұр. Бүгінде мұндағы 370 елді мекеннің 76 пайызы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмеген. Елбасы осы түйткілге мән беріп, жұмысты ширатуды тапсырды. Ал өңір басшысы Баянауыл өңірін сумен қамту үшін қазір құбыр тартылып жатқанын айтты. Ол үшін республикалық бюджеттен 21 млрд теңге бөлінген. Болат Бақауов 2021 жылға дейін суға қол жеткізе алмай отырған ауылдардың саны 6 пайызға азаяды деп отыр. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау басты міндет екенін әкімінің қаперіне салды. Ертіс өзенінің жанында бос жатқан суармалы жерлердің егістік алқаптарын көбейту керектігіне де мән берді.

Осы категория бойынша: « Нұрсұлтан Назарбаев Павлодардағы өндіріс орындарын аралады Елбасы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы