389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әкімдер әлеуметтік желіде отырып жұртты жарылқай ала ма?

  • 1325
  • UPD: 11:40, 05.04.2019

Әкімдер әлеуметтік желіге жегілді. Президенттің тапсырмасынан кейін аймақтардағы шенеуніктер Фейсбук, Инстаграм парақшаларын жаппай ашып жатыр. Бірақ, олардың дені желі арқылы халыққа жақын болуды үйрене алмай отыр.

Таныс болыңыздар, Жамбыл облысындағы Байзақ ауданының әкімі. Бір апта бұрын Фейсбук, Инстаграм және Твиттерде парақшаларын ашып, осылайша заман көшіне ілеспекші.

Жасын Біркенов, тілші:

- Бір де бір жазба салмапсыз бір аптаның ішінде?

Рахматілдә Рахманбердиев, Байзақ ауданының әкімі:

– Жазба болды. Бірақ мен тазалап отырамын.

Жасын Біркенов, тілші:

– Жоқ, жазбаларды айтамын.

Рахматілдә Рахманбердиев, Байзақ ауданының әкімі:

– Жазбалар болды.

Жасын Біркенов, тілші:

– Оны неге тазалайсыз?

Рахматілдә Рахманбердиев, Байзақ ауданының әкімі:

– Жауап бергеннен кейін тазалап тастаймын. Өйткені артық ақпаратты жүктеп не қыламын?

Рахматілдә Рахманбердиевтің әлемжелімен етене таныс еместігі осыдан-ақ білінді. Инстаграм парақшасында дым жоқ. Сондықтан әкімге ғаламтор деген ғаламатты дұрыстап игеруге көмектестік. Әуелі суретке түсіріп, фотосын салдық. Кейін аудан басшысын әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығарып, халықпен кері байланыс орнатудың тағы бір тетігін үйреттік.

Жасын Біркенов, тілші:

- Инстаграм арқылы тікелей эфирге шыға алатыңызды білесіз бе?

Рахматілдә Рахманбердиев, Байзақ ауданының әкімі:

– Білемін. Бірақ әлі шыққан жоқпын.

Жасын Біркенов, тілші:

– Мүмкін тұсауын қазір кесерміз? Біз тікелей эфирдеміз. Әзірге көрермен жоқ.

Рахматілдә Рахманбердиев, Байзақ ауданының әкімі:

– Құрметті оқырмандар, аудан тұрғындары. Біз Байзақ ауданының, оның ішінде жеке парақшамды ашып отырмын.

- Аким ваш создал ФБ, Инста. Мы подписаны на него?

– Я не знаю такое.

– Не знаете?

– Нет, нет.

Жаһан жаулаған әлеуметтік желі ауылға да жетті. Бірақ әкім болып, халыққа жақын болып, Инстаграм, Фейсбук парақшаларын ашқанын тұрғындардың дені білмейді.

Жасын Біркенов, тілші:

- ФБ, Инстаграм парақшаларың бар ма?

Нұрболат Оспанов, Дихан ауылының тұрғыны:

– Бар, бар.

Жасын Біркенов, тілші:

– Қаншалықты белсендісің?

Нұрболат Оспанов, Дихан ауылының тұрғыны:

– Күнделікті отырамын.

Жасын Біркенов, тілші:

– Кімдерді оқисың?

Нұрболат Оспанов, Дихан ауылының тұрғыны:

– Әншілерді оқимын. Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртас.

Жасын Біркенов, тілші:

– Аудан әкімі Инстаграмға тіркеліпті. Оқисың ба?

Нұрболат Оспанов, Дихан ауылының тұрғыны:

– Жоқ, ондайларды оқымаймын. Өзім әншілерді оқимын. Әкімнің парақшасына кіріп көрген емеспін.

Жасын Біркенов, тілші:

– Естіп пе едің? Инстаграм, ФБ парақшасың ашқанын естімедің бе?

Нұрболат Оспанов, Дихан ауылының тұрғыны:

– Жоқ, естіген жоқпын.

Ал көнекөз қарияларға әкімнің әлеуметтік желідегі емес, өмірдегі белсенділігі керек.

- Қазір аудан әкімі әлеуметтік желіде белсенділік танытып жатыр. ФБ, Инстаграмға кіріп.

– Не дейді ауданның әкімі? Күшті қылып жатырмын ба дей ме?

– Әзірге халықпен байланыс орнату үшін ФБ, Инстаграмға тіркелдім деп жатыр. ФБ, Инстаграм не екенін білесіз бе?

– Жоқ, білмеймін. Ондай телефон ұстамаймын мен.

Байзақ ауданында 100 мыңнан астам адам тұрады. Ал Рахматілдә Рахманбердиевтің парақшаларында тек он шақты оқырман бар. Десе де, әкім тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін әлемжеліде қабылдауға дайын. Тіпті мұны әдетке әрі әдемі дәстүрге айналдыруға дәмелі. 

Жасын Біркенов, тілші:

- Ақпараттық агенттіктер, Ақорда, Премьер-министр, Азаттыққа жазылыпсыз. ЗТБ-ға жазылыпсыз ғой. ЗТБ-шоуға.

Рахматілдә Рахманбердиев, Байзақ ауданының әкімі:

– Ол не екен?

Жасын Біркенов, тілші:

– Сіз кімге жазылғаныңызды білмейсіз бе? 

Бір ұққанымыз, әкімнің ФБ, Инстаграмда отыратыны ауылдағы ағайынның бәріне керек емес. Өйткені шөбін үйіп, қорасын күреп, малын жайып, сиырын сауып жүрген ауыл адамының уақыты тапшы. Күнделікті күйбең тіршілікте әлеуметтік желіні қайтсын бұлар.

- Ата, ФБ, Инстаграм дегенді білемісіз?

– Жоқ, білмеймін. Ондайды естиміз. Бірақ мағынасы не екенін білмейміз. Фатима сияқты бірнәрсе-ау деймін осы. А?

Авторлары: Ж.Біркенов, Б.Бапаев

Хабар 24 телеарнасы