383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы: Кез келген жемқорлықтың соңы – жаза

  • 332
  • UPD: 23:35, 20.05.2019

«Жемқорлықты шын мәнісінде азайту үшін осындай қылмысқа барған қызметкердің бірінші басшысы отставкаға кетсін».

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі кеңесте осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Бармақ басты, көз қысты әрекетке барғандар енді тек қатаң жазаланады. Халықтың қаражатына қол сұққандарға қарсы мемлекеттік саясат түбегейлі өзгермек.

Қоғамды жегідей жейтін жемқорлық атты кеселден арылудың жолы қайсы? Көптің көкейіндегі сауалға бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап берді. Сөйтті де мемлекеттік орган басшыларына 7 бірдей жаңа міндет жүктеді. «Елге ең керегі – ашықтық», – деді Президент. Өйткені жұрт сыбайластықтан әбден қажыған. Жемқорлық қылмыстарының саны жыл сайын 2 мыңнан азаймай тұр. Ал ол үшін жауапқа тартылатындары мыңға жетпейді. Демек жауапкершілік жүгі жеңіл деген сөз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекет жемқорлықты түбіне дейін жоюы тиіс. Өте ауыр міндет. Дегенмен бізде бұл тапсырманы орындау үшін қажетті құралдар жеткілікті. Соңғы үш жылда 900-ден астам адам жемқорлықпен ұсталды, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына осындай оқиғалар кедергі келтіреді.

Заң барлығына бірдей. Енді осы сөз тіркесін әрбір басшыға қарата айтып, көлденең көк аттылардың жолын жұмыла бөгеуіміз керек. Ал заң аясынан тыс әрекеттер қатаң түрде жазаланады. Президент бұлай болған жағдайда ең алдымен бірінші басшы қызметтен кетсін деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді.

Қоғамдық ұйымдардың қолына енді билік беріледі. Мемлекеттік органдарда болып жатқан сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен олар хабардар болып, тексеру-талдау жұмыстарына тікелей қатысады. Жазасын да тағайындауға атсалысады. Бұдан бөлек жемқорлыққа қарсы иммунитет енді мектеп қабырғасынан қалыптаспақ. Оқушыларға бармақ басты, көз қысты әрекеттің не екені үйретіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екіншіден, мемлекет азаматтық қоғам, институттармен бірлесіп әріптестік шеңберінде жұмыс істеуі керек. Тек жауапқа тарту жеткіліксіз. Бұл өзге елдердің тәжірибесінен мәлім. Сондықтан қоғамда жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік болуы керек.

Үшінші міндетке де үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев оларды барлық деңгейдегі жемқорлыққа қарсы талдау-саралау жұмыстарына қатыстыру қажеттігін талап етті. Әрі мемлекеттік органдар үй беріп, жер телімдерін үлестірер кезде ашықтық қағидатын қатаң түрде сақтауды міндеттеді. Себебі, осы салада жемқорлық жең ұшынан жалғасып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керек.

Кезек – төртінші міндетте. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысының игерілуін басты назарға алып отыр. «Мемлекеттік бағдарлама үшін бөлінген қаражаттың желге ұшпақ түгілі тиімсіз жұмсалуының соңы жаза», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бюджеттік үдерістің кезеңдері, яғни құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек.

Аймақтарда жемқорлық деректерінің азаюы әкімдердің басты көрсеткішіне айналады. Яғни әрбір атқамінер қол астындағыларды қатаң бақылауға міндетті. Олай етпеген жағдайда жылы орнымен қоштасуы бек мүмкін.

Қоғамда тұрмыстық деңгейдегі жемқорлық деген ұғым қалыптасты. Кез келген анықтама немесе өзге де құжаттарға қол жеткізу үшін пара беру әдеттегі дағдыға айналды. Бұл – негізінен мемлекеттік қызмет саласына тән құбылыс. «Оны тыюдың бірден-бір жолы – жүйені толық цифрландыру», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекеттік аппарат қызмет көрсету барысында тұтынушыларға бейімделуі қажет. Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың бірден-бір көзі – мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру.

Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру мен бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту да межелі міндеттердің бір парасы. Президент пәрмені бойынша алғашқысы толық орталықтандырылады. Әрбір мекеменің өз алдына бөлек мемлекеттік сатып алу жүргізуі доғарылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттен босату керек. Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек.

Мемлекет басшысы айқындаған жеті міндеттің қай-қайсысы да келешектің қамы. Сыбайластық-жемқорлық жасар алдында кімде-кім осыны ойға алуы шарт. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы