384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Наразы топпен ашық диалог орнатуға дайынмын

  • 279
  • UPD: 23:54, 10.06.2019

Алдағы уақытта Үкіметте ауыс-түйіс болады.

Мемлекет басшысы журналистермен өткен баспасөз жиынында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24». Қасым-Жомарт Тоқаев билікке жас мамандардың жұмылдырылатынын жеткізді. Ол үшін арнайы кадрлық тізім әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Президент елорда мен Алматыда өткен митингтерге қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы алғаш рет тілшілермен жиын өткізгелі жатыр. Сондықтан болар бұл конференцияға журналистер ерте жиналды. Арасында өзге елден келген баспасөз өкілдері де бар. Әрбірі Президентке сұрақ қойғысы келеді. Өйткені елді толғандырған мәселе көп. Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ күттірмеді. Сөздің әлқиссасын кешегі өткен сайлаудан бастады. Сенім артқан мұқым елге ризашылығын білдірді.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғыс айтқым келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті орындау – мен үшін үлкен міндет.

Саяси додада бақ сынаған әрбір үміткердің өзіндік ұсыныстары болған. Мемлекет басшысы солардың ілкімдісін елеп, ескермек. Тіпті іс жүзінде қолданып көруге де әзір. Кейбір топтың биылғы сайлауға бойкот жариялағысы келгенін ел біледі. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев: «енжарлық танытқандарды байқамадым», – деді. Жасы да, жасамысы да жарыса дауыс беріп жатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бойкот ұйымдастырмақ болғандардың ойы жүзеге аспады. Сайлаушылар бұл науқанға белсенді түрде қатысты. Ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Олар өз таңдауларын жасады. Сондықтан сайлау әділ өтті деп сеніммен айта аламын. 

Сайлау күні елордада және Алматыда заңсыз митингтер өтті. Мемлекет басшысы бұл шерулерге қатысты пікір білдірді. Қоғамда түрлі көзқарастың болуы заңдылық. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев наразы топпен ашық диалог орнатуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің басты ұстанымым – түрлі пікір, бірақ тұтас ұлт болуы керек. Наразы топпен ашық диалог орнатуға дайынмын. Біздің елде қоғамдық сенім комитеті құрылады. Оған түрлі көзқарастағы адамдар мүше болады. Сол жерде елдегі түйткілдерді бірге талқылап, шешетін боламыз. 

Әңгіменің ауаны бірте билікке ойысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте ауыс-түйіс болатынын жасырмады. Министрлердің кейбірі кетеді, аймақ басшылары да ауысуы мүмкін. Орнына жас мамандар келеді. Президент соларға сенім артпақ. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заңға сәйкес Үкімет отставкаға кетпейді. Бірақ ауыс-түйіс болады. Үкіметке жас мамандарды тартуды ұйғарып отырмын. Білімді әрі белсенді жастарды билікке алып келу қажет. Олардың қарым-қабілетін пайдалану керек. Тың ойлары бар, елге пайдасын тигізе алатын жастардың тізімі әзірленіп жатыр. Ол тұрақты түрде жаңарып отырады. 

Сыртқы саясатта өзгеріс болмайды. Өзге елдермен берік байланыста боламыз. Инвесторлар көптеп келеді. Мемлекет басшысы шетелдік қаржыгерлердің қатысуымен төртінші шілдеде үлкен жиын өткізеді. Біздегі жайлы жағдай жөнінде айтады. Ымыра жоқта дамудың болмайтыны анық. Сондықтан дипломатиялық қарым-қатынасты үзбеу маңызды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сыртқы саясатты сәтті жүзеге асыру арқылы іштегі жағдайды жақсартуға болады. Біз көпвекторлы ұстанымнан айнымаймыз. Басқа мемлекеттермен арадағы байланысты нығайта береміз. Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға келіп алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз.

Бұқараны толғандырған тағы мәселе – Қазақстанда атом электр станциясының салынуы. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл түйткілді тек референдум арқылы ғана шешетінін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Атом электр стансасын салу күн тәртібімізде жоқ. Егер қажет болса, халықпен ақылдасамыз. Референдум өткіземіз.

Журналистер Президентке 30-ға жуық сұрақ қойды. Мемлекет басшысы солардың әрбіріне нақты әрі толымды жауап берді. Мұндай кездесулер әлі талай өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баспасөз конференциясын ұйымдастыру дәстүрге айналады», – деді.

Тілшілердің өткір әрі өзекті сауалдарына жауап берген Президент ұлықтау рәсімінің қашан өтетінін де айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев егер Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындысын аз уақытта жариялап үлгерсе, онда аталған рәсім алдағы сәрсенбі күні ұйымдастырылатындығын айтты.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы