386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің курорттары қаншалықты қолжетімді?

  • 252
  • UPD: 12:31, 07.08.2019

Жадыраған жаз, күлімдеген күн елітіп, көпшілікті демалысқа шақырады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ендеше сенбі-жексенбіде шетелге шықпай-ақ, Қазақстанның көрікті орындарын аралауға кеңес беремін. Жасаған сараптамамыз кәдеңізге жарасын. Әзірге қалтаға салмақ салар орын – Бурабай курорты. Мұндағы 2 орындық қонақүй бөлмесіне 94 мың теңге кетеді. Есесіне демалушылар үш мәрте тамақпен қамтылады. Қымбат десеңіз, екі рет тамақтандыратын үш орындық бөлмелерге 33 мың теңге төлеп орналасуыңызға болады. Үнемшілдер үшін жазғы шағын үйлер бар. Оған бар болғаны 20 мың теңге шығындайсыз. Тізімді Каспий теңізі жалғайды. Таңғы ас беретін бизнес-люкске 90 мың теңге кетеді. Екі тәулікке 32 мың төлеп тұруға болатын қонақүйлер де бар. Тамақпен қамтымайтын 2 орындық бөлмелерге 14 мың теңге шығындауға болады. Ақтауға баратын үнемшілдер үшін хостелде тұруға болады. 1500 теңгеңізді қамдай барсаңыз болғаны.

Балқашқа бара қалсаңыз...

Біз біраз аумақтарды сараладық. Мысалы, Балқаштың суына түсіп, тынығуды қалайтындар қарапайым екі орындық қонақ бөлмесіне 24 мың теңге төлеп қона алады. Таңғы ас пен түскі ас осы ақшаға кіреді. Адам басына 3500 теңгеден келетін бөлмелер де бар. Алакөлдегі баға демалыс маусымына қарай белгіленген. Шілдеде қымбат десеңіз, қазір арзандау. Мамандардың пікірінше, демалыс аумағынан бөлме алу тиімдірек. Орындарға қарай бір адам тәулігіне 5-14 мың теңге аралығында ақша шығарады. Бірақ азығын өзі сатып алады. Жайлылық та қаржы талап етеді. Мұндағы қымбат демалыс орындары үшін екі адам 30 мың теңге жұмсауы мүмкін. Көрікті орындар көп. Тек барып көру керек.

Жаңа өндіріс ошақтары бой көтереді

Елімізде жыл соңына дейін 5 млрд теңгеге төрт тоқыма өндірісі іске қосылады.

Қанша адам жұмыспен қамтылады? Отандық өнімдердің тұтынушысы кімдер?

Жаңа кәсіпорындарда 900-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнімдер негізінен ішкі нарыққа бағытталады.

Жыл басынан бері еліміздегі жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 16,7%-ға артты. Жіктер болсам, тоқыма бұйымдары – 20,5%-ды, киім – 8,4%-ды, былғары және оған жататын өнімдер 97,2%-ды құрады. Кілем және кілем бұйымдарын шығаратын цех, синтетикалық иірімжіп, қоспа иірімжіп және іш көйлектерді өндіруге арналған жаңа желілер көрсеткішті ұлғайтуға сеп болады. Биыл ашылатын төрт тоқыма өндірісіне 5 млрд теңге бағытталып отыр. Кәсіпорындар «қарапайым заттардың экономикасын» дамыту және саланың жол картасын жүзеге асыру аясында құрылады.

Еске салайын, елімізде жеңіл өнеркәсіп 20 түрлі салада дамып келеді. Оның ішінде тігін бағытындағы көрсеткіштер айтарлықтай.

Жеке деректеріңіз сұралады

Енді ақша айырбастау орындарында қазақстандықтардың жеке деректері сұралуы мүмкін. Ұлттық банк осыны көздеп отыр. Әрбір айырбастау операциясы арнайы журналға тіркеледі. Оған клиенттің жеке куәлігі, берілген күні, нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы жазылады. Ал автоматтандырылған айырбастау орындарында эквивалент 500 000 теңгеден аспауы қажет.

Естеріңізде болса, бұған дейін Ұлттық банк ақша айырбастау орындарының жұмысын таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін белгілеуді ұсынған.

Осы ретте Қазақстан қор биржасындағы доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамын айта кетейін. АҚШ валютасы 386 теңге 94 тиынға тең. Айырбастау орындарында 387-388 теңге аралығында сатылуда.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы