423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

  • 3274
  • UPD: 13:16, 22.01.2020
Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Бүгін Алматы маңында болған ұшақ апатына қатысты оқиғалар хроникасы.

27 желтоқсан таңғы сағат 7-де Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына шыққан «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Ол таңғы сағат 07:05-те ұшып шыққан. Бортта 93 жолаушы болған.

Апат қалай болған?

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. Сағат 07:22-де «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

Алматыда болған әуе апатына екі нәрсе себеп болуы мүмкін. Бірі – ұшақтың алдыңғы бөлігін мұз қаптауы. Ал екіншісі – адами фактор. Әуе апаттарының себептерін зерттейтін биотехнолог Әмір Қуат осындай пікірде. Оның айтуынша, гелиофизикалық дағдарыс кезінде адамның ойлау қабілеті мен оны іске асыру уақыты баяу болады. Ал сын сағатында ұшқыштардың шұғыл әрекет етуі маңызды.

Қаза тапқандар саны

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаза болғандар саны 12-ге жетті. Олардың біреуі ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмған. Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық денсаулықты бақылау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады. Алғашында 7 адамның қаза тапқаны айтылған еді.

Қайғылы оқиғаға байланысты жедел штаб пен шұғыл желі құрылды.

Қаза тапқандар тізімі 
ҚР ІІМ мәліметі бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тапқан. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады. 

Ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында Дана Круглова есімді әріптесіміз де бар. Ол Informburo.kz ақпарттық порталында шығарушы редактор қызметін атқарды. Дана небәрі 35 жаста еді. Ол Жаңа жыл мерекесін елордадағы ата-анасымен қарсы алмақ болып жолға шыққан екен.

Сондай-ақ Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы да Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапты. Генерал-майор Рүстем Қайдаровтың қазасы туралы ақпаратты қоғамдық бірлестіктің мүшелері растады.

Зардап шеккендердің тізімі

Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің тізімі жарияланды. Мына жерден көруге болады.

Зардап шеккендерге алғашқы көмек қалай көрсетілуде?

Алматы облысының 16 жедел жәрдем бригадасы апат болған аймаққа аттанып, алғашқы медициналық көмекке кірісті. Сонымен қатар Алматы қаласының 35 бригадасы да апат аймағында жүр. Екі нейрохирургия бөлімшесі де оқиға орнына жетті. Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханаға бес адам жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта Алматы облысы мен Алматы қаласының денсаулық сақтау бекеттері жедел жұмыс кестесіне көшті. Олар зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетуге әзір. Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығына 8 бала түсті. Олар көп жарақат алған. Сонымен қатар қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына көп жарақаттары бар тағы бес адам түсті. Қалалық клиникалық ауруханада 17 пациентке алғашқы көмек көрсетілді. Олардың жағдайы ауыр екенін айтады мамандар. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.

Ұшақта болған жолаушылар тізімі

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Ұшақта 4 айлық бала да болған. Нәресте апаттан аман қалды. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметі де баспасөз мәслихатын өткізді. Орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

Шұғыл донорлар іздестірілуде

Алматыдағы қайғылы жағдайға байланысты шұғыл донорлар іздестіріліп жатқанын хабарлағанбыз. Қанды қабылдау Алматы қаласындағы Бұхар жырау көшесі 47-үйде, ал Алматы облысы бойынша Қаскелең қаласы Абылайхан көшесі 42-үйде жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, гепатит, бруцеллез, сифилис ауруларына шалдықан және жүрек ақаулығы бар адамдарға қан тапсыруға болмайды. Бұған қоса есірткі мен алкогольге тәуелді дертке шалыққандарға да тыйым салынған. Толық ақпаратты donors.kz сайтынан біле аласыздар.

Ауруханаға түскендердің жағдайы қалай?

Ұшақ апатынан зардап шеккендер Алматы ауруханаларына жеткізіліп жатыр. Әсіресе, көпбейінді клиникалық аурухунаға түскен 5 азаматтың халі нашар екендігі айтылды.

Мемлекет басшысы көңіл айтты

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты

«Апаттан мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Көз жұмғандардың туған туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев.

Асқар Маминнің төрағалығымен арнайы үкіметтік комиссия құрылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңында болған ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар апаттың себебін анықтау үшін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен арнайы үкіметтік комиссия құрылғанын, кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлім етті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Премьер-министрден бөлек, комиссия құрамында оның орынбасары Роман Скляр мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бар.

Бақытжан Сағынтаев оқиға орнына барды

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Бэк Эйр» компаниясына тиесілі «Фоккер-100» ұшағы құлаған оқиға орнына барды. Алматы әкімі іздеу-құтқару жұмыстарымен танысып, сонан соң халықаралық Алматы әуежайының терминалына барды. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев №4 қалалық ауруханаға жеткізілген зардап шеккендердің жағдайымен танысып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

Осы оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс қылмыстық кодекстің «Әуе көлігін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы» бабы бойынша қозғалған.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Алматы маңында құлаған ұшақ апатында қаза тапқан жолаушылардың туыстарына көңіл айтты. Әрі олардың отбасыларына қажетті және материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Елорда әкімі әуежайда Кризистік орталық ашылып, төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл әрекет ету штабы құрылғанын хабарлаған.

Қазақстанда енді Fokker-100 ұшақтары ұшырыла ма?

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен мәслихатында орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

Fokker-100 ұшақтарының осыған дейін бесеуі апатқа ұшыраған. Fokker-100 орта қашықтыққа арналған ұшақ Нидерландтың Fokker әуе компаниясында 1980 жылдары шығарыла бастаған. Алғаш рет 1986 жылы ұшқан. Ол шамамен 107 жолаушыны тасымалдауға арналған.

Бұл Fokker 100 ұшағының алғашқы апаты емес. Осыдан 3 жыл бұрын дәл осындай әуе лайнері елорданың әуежайына апатты жағдайда қонған болатын. Ол да «Бэк Эйр» компаниясының ұшағы еді.

Ал Алматы әуежайының президенті Болат Ержановтың айтуынша, ұшу жолағы стандартқа сай болған. Ол Фоккер-100 ұшағынан 3 минут бұрын ғана басқа ұшақ көкке сәтті көтерілгенін алға тартып, зерттеу жүргізу мақсатында қазір бұл жолақ уақытша жабылғанын растады.

Қайғылы оқиғаға байланысты Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің және Ресей халқының атынан көңіл айтты. «Ұшақ апатында қаза болғандардың жақындары мен туыстарының қайғыларына ортақтасып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін» делінген жеделхатта. 

Алматы маңында болған ұшақ апатына қатысты Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков те көңіл айтты. «Қырғыз Республикасының және өз атымнан қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын, қайғыға ортақпыз. Зардап шеккендердің тез жазылып кетуіне тілектеспіз», – деді Жээнбеков.

Роман Скляр Bek Air компаниясының 2016 жылдан бергі жұмысы түгелдей тексерілетінін мәлімдеді. Премьер-министрінің орынбасары берген мәлімет бойынша, апатта ұшақтың алдыңғы бөлігінде отырғандар қаза тапқан. Ұшақты басқарған тәжірибелі ұшқыш командир қаза тапты. Екінші бортсерік ауруханада.

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша үкіметтік комиссияның отырысы өткізіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінетінін хабарлады.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қайғылы жағдайға байланысты ойын-сауық іс-шараларын тоқтатуға тапсырма берді.

Ұшақ апатынан кейін жансақтау бөліміне түскендер палатаға шығарылды

Ерлан Тұрғымбаев Bek Air ұшағының неліктен өртенбегенін айтты.

Алматы маңында құлаған ұшақтың қанаты мұзға қарсы сұйықтықпен өңделмеген. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр брифинг барысында айтты.

Аталған әуе компаниясының ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған апатқа қатысты «Қазақстан авиациялық әкімшілігі» АҚ пайдаланушы сертификатының және ұшуға жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтатқанын жазғанбыз.

Ал бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 300 адамнан жауап алынғанын хабарлады.

Хабар 24 телеарнасы