412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жылы қазақстандықтар жалпы 5,4 трлн теңге несие алды

  • 526
  • UPD: 15:07, 24.02.2020

Бірінші несие бюросының деректері бойынша, былтыр елімізде 580 мың азамат алғаш рет несие алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жалпы қарыз мөлшері 176 млрд теңге. Осылайша, әр қазақстандыққа келетін жалпы орта несие көлемі 303 мың теңге. Былтыр азаматтарға 5 трлн 400 млрд теңге көлемінде бөлшек несие берілген. 2018 жылғы кезеңмен салыстырғанда бұл 1,5 трлн теңгеге көп. «Солва» микроқаржы компаниясының зерттеулеріне сай отандастарымыз несиені көбіне банкке барып алады. Клиенттердің тек 7%-ке қарызды онлайн тәртіпте ресімдегенді жөн көреді. Сауалнамаға қатысушылардың 88%-ке банкке достары мен таныстарының кеңесін тыңдап барған. Тағы 10%-і интернеттегі пікірлерді ескеріп, шешім қабылдаған. Ал қалған 2%-і жеке тәжірибесіне сүйенген. Сауалнамаға еліміздің әр өңірінен 5 мың азамат қатысты.

 

Коронавирус індеті әлем бойынша әуе байланысына кесірін тигізіп жатыр

Қытайдан басталған коронавирус індеті әлем бойынша әуе байланысына кесірін тигізіп жатыр.

Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ұшатын әуе компаниялары шығынға батуы мүмкін.

Коронавирус кесірінен жолаушылар арасында Азия және Тынық мұхиты аймағына ұшу қарқыны 13%-ке құлдилауы мүмкін. Халықаралық әуе тасымалы қауымдастығы осындай дерек келтірді. «Осылайша, жергілікті әуе компаниялары 28 млрд теңгеден қағылуы ықтимал», - дейді IATA ұйымындағылар. «Әсіресе, қытайлық әуе-тасымалдаушылар 13 млрд доллар көлемінде шығынға батады», дегенді айтады сарапшылар. IATA болжамы бойынша өзге аймақтардағы табыс көлемі 1,5 млрд долларға қысқарады. Жалпы әлем бойынша әуе тасымалынан түсетін табыс шамамен 5%-ке кемиді. Соңғы рет осындай дағдарыс 17 жыл бұрын байқалған.

 

 

Гаитиде азық-түлік дағдарысы байқалды

Гаитиде азық-түлік дағдарысы байқалады. Өйткені алғашқы қажеттіліктегі тауар түрлерінің жартысынан астамы сырттан әкелінеді. Ал инфляция кесірінен жергілікті тұрғындардың дүкенде күнделікті сауда жасауға қалтасы көтере бермейді. Таяуда елдегі құрғақшылық та жығылғанға жұдырық болды. Әсіресе, елдің солтүстік-батыс өңірі зардап шекті.

Еске сала кеткен жөн, былтыр күзде азаматтар жемқорлыққа қарсы ереуілге шыққан болатын. Осыған байланысты көптеген азық-түлік дүкендері жабылып, тіпті гуманитарлық көмек жеткізу қағидаттары бұзылды. БҰҰ дерегінше, 3 млн 700 мың адамның 2 млн 600 мыңы гуманитарлық жәрдемге мұқтаж.

 

Атырау мұнай өңдеу зауыты ел бюджетіне 38 млрд теңге табыс әкелді

Былтыр Атырау мұнай өңдеу зауыты жалпы ел бюджетіне 38 млрд 467 млн теңге аударды, деп хабарлады ҚазАқпарат. Онымен қоса, өңделген мұнай көлемінің ұлғаюымен салық түсімі де артқан. Зауыт баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет қазынасына түскен қаржының ішінде 7 млрд 385 млн теңге республикалық бюджетке түссе, Атырау облысының бюджеті 29 млрд 369 млн теңгеге толықты.

 

Ендігі кезек әдеттегідей «Нарықтағы баға» айдарында. Бұл жолы отаны ежелгі Үндістан саналатын көкөніс түрі қиярдың елдегі орташа бағасына тоқталамыз. Ең төменгі баға Ақтау мен Атырауда. Онда қиярдың келісі 600 теңгеден басталады.

Қостанайда қиярдың келісі 1300 теңгеден басталады. Петропавл, Орал, Өскеменде мың теңге. Көкшетауда 1200 теңге. Қарағандыда 925 теңге. Орал мен Өскеменде 1000 теңге. Талдықорғанда 800 теңге. Таразда 100 теңгеге арзанырақ. Шымкентте қияр бағасы 850 теңге. Түркістанда 100 теңгеге қымбатырақ. Қызылордада 900 теңге. Ең төмен баға еліміздің батысы Ақтауда 600 теңге. Көрші Атырауда 50 теңгеге қымбатырақ. Ел батысында жоғары баға Оралда. Ақтаудағы бағадан шамамен екі есе қымбат. Ел астанасында 1200 теңгеден басталады. 

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 375 теңге 94 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 377-378 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 406 теңге болса, рубль 5 теңге 86 тиын.

Хабар 24 телеарнасы