432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент БҰҰ БА сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөз сөйледі

  • 291
  • UPD: 23:42, 23.09.2020

Әлем елдерін бейбітшілікке үндеген БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясы.

Нью-Йорк. Жаһанға төнген жаңа қауіп коронавирус пандемиясына байланысты әлемдік көшбасшылардың бұл жолғы саяси дебаты бейнеконцеренция форматында ұйымдастырылды. Жер шарында қырғи-қабақ соғыстың аяқталғаны кеше ғана. Содан бері бүкіл әлемде бейбітшілік орнауы тиіс еді. Алайда адамзаттың болашағына алаңдайтын негіз көп және бұл пандемиямен күрес қана емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қырғи-қабақ соғыстан кейін қарапайым адамның мүддесін көздейтін шын мәніндегі халықаралық жүйе құратын керемет мүмкіндікті пайдалана алмадық. Мұны мойындауымыз керек. Болашақ ұрпақтың тағдыры бірінші кезекте біздің, яғни мемлекет басшыларының осы жағдайдың туындау себебін қалай түсінуімізге байланысты болып отыр. «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануымыз қажет. Қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деп санаймын. 

Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастық алдында ұлы ақын Абайдың сөзін үлгі етті. «Адамзат баласына бір-бірін сүймек, сезбек, кейімек керек», – деп басталатын ұлағатты ұғымның 100 жыл бұрын айтылса да, өзектілігі мәңгілік екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек».. БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлының бұл пікірін өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек деп түсінуге болады. Бұл ретте қазіргі сын-қатерлерге ұжым болып тойтарыс беруге қатысты бірқатар ой-пікірлерімді ортаға салуға рұқсат етіңіздер.

Әлем елдері қазір COVID-қа қарсы жаппай күресіп жатыр. Кей мемлекеттер тіпті вакцина ойлап тапты. Оны енгізбек болғандар медициналық жетістіктерін саяси құрал ретінде қолдануға кірісті. Бұл да адамзат үшін қауіпті ойын. Мұны дереу доғармақ керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Біріншіден, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет. Екіншіден, COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында  логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді. 

Қазақстан да пандемиямен күресті күшейтті. Вакцина жасау, дәрі-дәрмек өндіру ісі қарқын алды. Аурудың алдын алу мақсатында денсаулық сақтау жүйесіне тың өзгеріс енгізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үшіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ, пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін. Төртіншіден, біз БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынамыз. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын.

Коронавирустың қауіпті кесел болғаны соншалық, жаһан экономикасын теңселтті. Осал тұстарын түгел аңғартты. Қауіпсіздік саласында жаңа сын-қатерлер пайда болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соңғы әрі аса маңызды мәселе әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынады. Бұл органның қызметі Бактериологиялық (биологиялық) және улы қарудың мол қорын дайындауға, өндіруге тыйым салу және оларды жою туралы 1972 жылғы конвенцияға негізделеді.

Қазір пандемиядан зардап шекпеген мемлекет жоқ. Індетке қарсы күрес баршаға ортақ Жаңа ғаламдық келісімге негізделуі керек. Қазақстан Президенті өз сөзінде осындай ой айтты. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Бас хатшының әлемдік экономиканың 10%-ін құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген үндеуіне қосылатынын жеткізді. Әрі жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шараларды шұғыл қабылдау қажеттігін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ең кедей елдердің қарыздарын төлеуін тоқтату жөніндегі шаралар әлемдік нарықтағы теріс факторларды азайтуға және түсініксіздікті төмендетуге ықпал етеді деп есептейміз. «Ұлттық денсаулық сақтау ісіне инвестиция салғандардың қарыздарын жеңілдету» формуласына сәйкес Халықаралық қаржы мекемелері өз жұмыстарына инновациялық шешімдерді белсенді енгізуі керек. Жаһандық дамуды қаржыландыру жөнінде алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде нақты әрі маңызды шаралар қабылданады деп үміттенемін.

COVID-19 індетінен ауыр зардап шеккен мемлекеттердің бір тобы – теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер. Олардың әсіресе сауда-саттық және көлік-логистика салалары тұралап қалды. Осы дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жол картасын қабылдауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжылдығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады. Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аштықты толық жоюға қол жеткізуіміз керек. Азаматтарымыз 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібі шеңберінде қол жеткізген нақты нәтижелерден зор үміт күтеді.

Қазақстан үшін экология мәселелері өте өзекті. Арал теңізінің апатты жағдайы мен Семей полигонының қасіреті, мұздықтардың жылдам еруі және шөлейт жерлердің көбеюі еліміз бен Орталық Азия өңіріне ғана емес, барша әлемге қауіп төндіріп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев осыған назар аударып, елімізде бұл бағытта жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазба отынына аса қатты тәуелді болып отырғанымызға, сондай-ақ климат жөніндегі Париж келісіміндегі мақсаттарға қол жеткізудің ұзаққа созылуына қарамастан, еліміз көміртексіз экономиканы дамытуға қолдау көрсете береді. Біз экономиканы және кәсіпорындарды жаңғырту есебінен 2030 жылға қарай парниктік газдардың қалдықтарын 15%-ға азайтамыз.

Қазақстан – Біріккен Ұлттар ұйымының белсенді мүшесі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін сөйлеген сөзі, көтерген бастамалары мен ұсыныстары мұны тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Талғатбек Әбдіқожа, Нұршапағат Несіпбаев

 

Хабар 24 телеарнасы