425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешуді тапсырды

  • 372
  • UPD: 12:36, 22.10.2020
Президент оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешуді тапсырды

Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтты.

«Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде бұл мәселенің мән жайы баршаға түсінікті болуы тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапханалардың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», - деді Тоқаев.

Сондықтан жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыру, жаңаша көзқараспен қарау қажет екенін айтып өтті.

«Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн. Мысалы, мен Алматы қаласындағы кітапханаларды жаңғыртуға арналған осындай ұтымды жобалар бар екенін білемін. Жақында кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы да маған ауыл мектептерін және кітапханаларын жаңғырту жөніндегі жобасын көрсетті. Тағы бір маңызды міндет – мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бүкіл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлде жоқ», - деп айтып өтті.

Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтініне де тоқталды.

«Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысына қатысып жатыр.

Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысы шетелдік сарапшылардың қызығушылығын тудыруда – Президент

Хабар 24 телеарнасы