421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандықтар астрологтардың қызметіне жиі жүгінетін болған

  • 602
  • UPD: 14:21, 31.12.2020

Қазақстандықтар астрологтардың қызметіне жиі жүгіне бастаған. «Жаңа жыл қарсаңында болашағын білгісі келетін адамрдардың көбеюі қалыпты жағдай» дейді сала қызметкерлері. Ал аспан әлемін зерттеушілер жұлдыз-жормал бос әурешілік деген пікірде. Сонымен, қазақстандықтар кімге сенеді?

- Астрологтарға сенесіз бе?

- Сенбеймін.

- Кейде сеніп қаласың ғой. Дұрыс келіп тұрғанға, сеніп қалам мен. 

- Астрологтардың қызметіне жүгініп көрдіңіз бе?

- Иә, жүгініп көрдім. Сенемін олардың жорамалдарына. Нумерологтарға. Қызметтерін пайдаланамын және олар маған үлкен маңызды шешім қабылдауға көмектесті.

- Астрологтарға жүгініп көрдім. Өзім үшін білгім келді. Қандай жағымды көтеруім керек, қай жағынан кемшілігім бар.

Бірі сеніп, енді бірі күмәнмен қарайтын астрологтардың қызметіне елімізде сұраныс артқан. Әрине жұлдыз-жорамал жасайтындардың ресми статистикасы жоқ. Біз тек желідегі жарнамаға қарап, осындай байламға келдік. Ал астрологтардың қызметіне астрономдар қалай қарайды? Аспан әлеміне негізделген қос ұғымның айырмашылығы неде деген сауал туындайды осы тұста.

Андрей Солодовник, астроном:

- Әрине астрологтардың мәселесі бізді қашаннан бері толғандырады. Бірақ кезінде ежелгі ғалым астролог Иога́нн Ке́плер былай деген: астрология астрономияның ақымақ қызы. Дегенмен, ол өз анасын асырап жүр. Бұл  ХVІ ғасырда айтылған. Ал қазір астрономия мемлекетті асырайтын ғылымның табыс көзіне айналды.

Ал астрологтардың бұған қатысты өз пікірі бар. 

Ботагөз Нұрғали, астролог:

- Ия, біз негізінен бір нәрсені зерттейміз. Бірақ біздің мүддеміз астрономдармен қиылысқанына қарамастан астрология жұлдыздарға, планеталарға және барлық аспан денелеріне психология тұрғысынан көбірек қарайды. Яғни олар адам өміріне және біздің психологиямызға қалай әсер ететінін бақылайды.

Аспан денелеріне қарап, адам өмірін сипаттайтын бұл сала діни тұрғыдан да құпталмайтыны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, кей кезде астрологияны ғылымның бір тармағы деп шатыстырады.

«Алайда бұл жаңсақ пікір. Нағыз ғылымның тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Ол нақты болжам жасау механизмі»,- дейді мамандар.

Андрей Солодовник, астроном:

- Кез келген ғылымда болжау күші болуы керек. Яғни олар кез келген жағдайда іске асатын тәжірибелер жиынтығына негізделуі тиіс. Ал астрологтарда бұл қалай жасалады? Мен өте қарапайым мысал келтірейін.  Біз астрологқа, көріпкелге адамның кім екенін айтпай, тек туған күнін, уақытын, туған жерінің координатасын береміз. Сосын осы адамның өмірбаянын жасаңызшы деп сұраймыз. Сонда мұндай өтінішті ешқашан ешкім қабылдамайды. Себебі олардың барлығы тек өткен кезеңді, адамның өмірінде болған нәрсені сипаттайды.

Астрономдардың айтуынша, шоқжұлдыздардың орыны жыл сайын ауысады. Адам туған сәтте жұлдыздар бір қалыпта болса, уақыт өте келе олардың орналасуы өзгереді. Аспан денелері жылына шамамен 0,8 минуттық доғаға жылжиды. Сондықтан астрономдар мұндай болжамға сенбеуге шақырады. Ал түрлі сынға еті үйренген астрологтар адамның емес, тұтас елдің жұлдыз-жорамалын жасауға көшкен.

Ботагөз Нұрғали, астролог:

- Әр елдің өзінің жеке картасы, жеке жұлдызнамасы бар. Мысалы, Қазақстан жұлдыз-жорамалда суқұйғыш белгісінде тұр. Сондықтан биыл 21 желтоқсанда болған Сатурн мен Юпитер планеталарының бірігуі бізге қатты әсер етті деп айтуға болады. Біз басқалармен бірге жаңа өмірлік кезеңге өттік және соған қарай бейімделуді үйрену керек. 2021 жылдан бастап біз жаңа технологияларға дайын болуымыз керек. Әсіресе ғылыми жетістіктерге жақын арада куә болуымыз әбден мүмкін. 

- Астрологтарға сенесіз бе?

- Сенбеймін. Аллаға сенемін тек. Мен бүкіл қазақстандықтарды жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын. Мына өтіп бара жатқан тышқан жылы өте қиын жыл болды. осы келе жатқан сиыр жылы тек қана жақсылық әкелсін, молшылық әкелсін. Сиырдай мол болайық.

- Өз өзіңе сену керек болашақта. Аманшылық болсын, тыныштық болсын. Келе жатқан жаңа жылдарыңызбен сіздерді.

Астрология саласына қатысты қанша пікір болғанымен, бұл бағытта жұмыс істейтіндер қазір өте көп. Себебі олардың қызметіне сұраныс жоғары. Ал жаңа жыл қарсаңында, жұлдыз-жорамал жасататындардың саны тіптем артады.

Ғазиза Мұхамеджанова, Нұргүл Ахметова, Диас Ковланбеков

Хабар 24 телеарнасы