378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстандағы білім көрмесіне еліміздің 15-ке жуық жоғары оқу орны қатысты

  • 1276
  • UPD: 18:00, 20.05.2018

Биыл Өзбекстаннан Қазақстанға 5 мыңға жуық түлек оқуға келеді деп күтілуде.

Бұл туралы Самарқандта өткен «Қазақстанның білім күндері» көрмесінде айтылды. Көрші елде осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға елімізден 15-ке жуық жоғары оқу орны қатысты. Жетекші білім ұяларының өкілдері көрші елдің жастарына өз мүмкіншіліктерін ұсынды. Білім жәрмеңкесінің Шығыстар маржаны саналатын Самарқандта өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені бұл өңір – Өзбекстандағы халқы ең тығыз орналасқан облыстардың бірі. Сонымен бірге тарихи жәдігерлердің дені осында шоғырланған. Сондықтан да жыл он екі ай төрінен қонағы арылмайтын қала жастарының көрмеде туризм мамандығына деген сұранысы жоғары болды.

Зарина Яллабаева биыл лицейді бітіреді. «Алтын белгіден» үміткер түлек ары қарайғы білімін Қазақстанда жалғастырмақ ойы бар. Зерек оқушы білім көрмесінен өзіне қажетті мәліметтер алып, таңдау жасады.

Зарина Яллабаева, лицей оқушысы:

- Самарқандға Қазақстаннан келген көрмені көріп, өзіме қажетті мәліметтерді алдым. Онда қандай іргелі жоғары оқу орындары бар, олардың қай салаға мамандық дайындайтынын сұрап білдім. Болашақта өзім білімімді сол жақта жалғастырсам деген ойым бар.

Жәрмеңкеге келген мыңдаған өзбек жасының дені Қазақстанда оқуға ниетті. Өйткені екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығының арқасында дипломдар кәдеге жарайтын болады. Оған қоса бізде жыл сайын шетелдік студенттерге бөлінетін грант саны артып, көп жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Дайындық тобында бір жыл тегін оқиды. Жатақханасы мен стипендиясы тағы бар.

Мадина Ходиева, 9 сынып оқушысы:

- Біздің мемлекетімізде биыл 11 жылдық білім жүйесі енгізілді. Енді асықпай мамандық таңдауда екі жыл уақытымыз бар. Көрмеден біз өте көп мәліметтер алдық. Әрине, самардандтық жастар Қазақстандағы университеттерге барып оқып, ол жақтан жоғары білім мен мол тәжірибе жинақтайды деген ойдамын.

Жәрмеңкеде Қазақстанның білім беру саласындағы басымдықтары мен оқу орындарының бүгінгі жетістіктері таныстырылды. Қос бірдей іргелі оқу орны өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Шетелдік студенттер Қазақстанда жоғары білім алумен қатар бакалавриат, магистратура, докторантурасын да жалғастыра алады.

Зүлфия Төребекова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті:

- Ахмет Яссауи мемлекеттік университеті жыл сайын осы түркі елдерінен келген азаматтарға 500-ге жуық білім гарантын ұсынады. Қолда бар деректерге сәйкес, жыл сайын Өзбекстаннан 110-120-ға жуық студент осы жоғары оқу орнына оқуға қабылданады.

Халықаралық бағдарламалар орталығы алдағы уақытта мұндай көрмені Түрікменстан мен Үндістанда да өткізуді көздеп отыр. Қазақстанда қазірдің өзінде 14 мың шетелдік жас оқып жатыр. Демек алда бұл көрсеткіш еселеп артады деген сөз. Ал қыркүйекте Қазақстан-Өзбекстан білім форумы ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы